Басты бетЖатыр мойны обыры

Жатыр мойны обыры

Жатыр мойны обыры

Жатыр мойны обыры туралы бәріміз естідік, бірақ бұл аурудың ауыртпалығын бәрі бірдей түсінбейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жатыр мойны обыры әйелдер арасында жиі кездесетін ісіктер арасында төртінші орында тұр. Дүние жүзінде 2018 жылы жатыр мойны обырының 570 000 жағдайы анықталып, шамамен 311 000 әйел осы аурудан қайтыс болды. Бұл ауру барлық елдерде жиі кездеседі, бірақ табысы төмен және орташа елдерде аурушаңдық деңгейі жоғары және бүкіл әлемде жатыр мойны обырынан қайтыс болғандардың 90% дерлік табысы төмен және орташа елдерде орын алған.

Жатыр мойны обырының жаһандық ауыртпалығы 2030 жылы 700 000 жағдайға және 400 000 өлім жағдайына жетеді деп болжануда. Мұндай өсім одан кейінгі жылдары да болуы мүмкін, бар болғаны 12 жылда (2018 жылдан бастап) ауруға шалдыққандар саны 21%-ға, ал өлім-жітім 27%-ға артқан.

Жатыр мойны обырының негізгі себебі – адам папилломавирусы. Бұл адамның ауыз қуысының терісі мен шырышты қабығын және жыныс мүшелерін зақымдайтын туысқан вирустардың 200-ден астам түрі.

Көп жағдайда бұл инфекцияның барын адам байқамайды, ол 2-3 жылдан кейін ағзадан шығып кетеді. Кейбір жағдайларда адам папилломавирусының онкогенді түрлері денеде қалғанда, бұл әртүрлі органдардың қатерлі ісігіне әкеледі, ең алдымен, жатыр мойны обырына. Жатыр мойны обырының 100% дерлік себебі адам папилломавирусының онкогенді түрлері болып табылады.

Егер ауру ерте кезеңде анықталса, қатерлі ісіктің бұл түрін сәтті және тиімді емдеуге болады. Кеш кезеңдерде диагноз қойылған қатерлі ісікпен тиісті емдеу және паллиативті көмек көрсету арқылы да күресуге болады. Адам папилломавирусына қарсы вакцинация, скрининг және ісік алды зақымдануларды емдеу − жатыр мойны обырының көптеген жағдайларының алдын алады.

Адам папилломавирусына қарсы вакциналар жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктердің дамуынан қорғаудың заманауи және ең тиімді әдісі болып табылады. Бүгінгі таңда адам папилломавирусына қарсы вакциналарды 125-тен астам елде қолданылады. АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция, Австралия және Жапония сияқты көптеген елдер оны жатыр мойны обырымен күресу жөніндегі ұлттық бағдарламаларына енгізді. 2013 жылы Қазақстанның вакцинация күнтізбесіне адам папилломавирусына қарсы вакцинасын енгізудің алғашқы және сәтсіз әрекеті болғаны белгілі. Елімізде 11 жастағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы егу науқанын шамамен 2024 жылдың үшінші тоқсанында барлық өңірлерінде бір мезгілде бастау жоспарланған. Вакцинация ата-анасының рұқсатын алғаннан кейін жүргізіледі. 11-13 жастағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау ең тиімді қорғаныс болып табылады, өйткені бұл жаста олар әлі кәмелеттік жасқа толмаған және вирусты жұқтырып үлгермеген.

Сонымен қатар, Қазақстанда жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін тегін скрининг қарастырылған – 30 жастан асқан әйелдерге емханада тапсыруға болатын ПАП сынағы тағы бар

Өзіңізге және айналаңызға қамқорлық жасаңыз - адам папилломавирусын емес, махаббат сыйлаңыз!