Құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, клиникалық симптомдар басталған кезде 100% өлімге әкелетін вирустық зооноздық ауру. Бұл ауру 150-ден астам елдерде кездесіп қана қоймай, жыл сайын ондаған мың адамның өмірін қияды.
Инфекция адамдарға сілекей, әдетте тістеу, тырнау немесе ауру жұқтырған жануарлардың шырышты қабаттарымен тікелей жанасқан кезде жұғады. Сонымен қатар, құтыру ауруына үй жануарлары ғана емес, жабайы жануарлар да шалдығады. Адамдардың құтыру ауруынан болатын өлімінің көпшілігі иттермен қарым-қатынас нәтижесінде орын алады, бұл құтыру ауруының адамға жұғу жағдайларының 99% құрайды.
Құтыру ауруының инкубациялық кезеңі әдетте 2-3 айға созылады, бірақ вирустың ағзаға қай жерден түскеніне байланысты бір аптадан бір жылға дейін өзгеруі мүмкін. Клиникалық көріністеріне: дененің ауырлығы, ауырсыну және жара орнының шаншып, шымшып ауруы немесе қатты ауырсыну сезімдері, дене температурасының жоғарылауы, одан кейін сілекей бөлініп, судан қорқу, оғаш мінез-құлық және галлюцинациялар көріну көріністері жатады. Вирус орталық жүйке жүйесіне еніп, клиникалық белгілер пайда болған кезде симптоматикалық емдеу жүргізіледі, бірақ ауру өте сирек емделеді және соңында ауыр неврологиялық бұзылуларға және өлімге әкеледі.
Алдын алу тұрғысынан алғанда, адамдар үшін ең тиімді шара иттерді вакцинациялау болып табылады, бұл аурудың берілуін тоқтатады. Ауру жануармен байланыста болғаннан кейін дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Жараны дер кезінде сабынмен және 15 минут сумен мұқият жуып, құтыруға қарсы вакцинамен профилактика курсын жүргізу және қажет болған жағдайда құтыру иммуноглобулинін енгізу маңызды.
Сондай-ақ халықты иттердің мінез-құлқы туралы және құтырған иттерден қалай аулақ болу керектігі туралы ақпараттандыру маңызды. Ит тістеген жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Үй жануарларыңыз болса, жануарларды вакцинациялауды ұмытпаңыз. Осы шаралардың барлығы құтырудың берілу циклін сәтті бұзады және құтыру ауруын азайтуға көмектеседі.