Бүгінгі таңда, өкінішке орай, легионеллез сияқты инфекция туралы білетін адамдар өте аз. Біз өмірімізде күн сайын онымен өмір сүреміз. Мысалы бір күні ауа баптағыштың астында отырып қалдыңыз делік, келесі күні қатты жөтел пайда болды.
Бұл неден?
Мәселе мынада, Legionella pneumophila деп аталатын бактерия бар және ол ауа баптау, ылғалдандыру жүйелерін және біздің үйдегі ауа баптағыштарды жақсы көреді. Бактерияны жұқтырғаннан кейін адамдарда жөтел, пневмония пайда болып, кейде одан құтылу оңай болмай жатады.
Легионеллалардың табиғи мекендейтін жері - тұщы су қоймалары мен топырақ. Легионеллалардың бейімделу қабілеттері жоғары болғандықтан олар ауа баптау жүйелерінде (кондиционерлер), компрессорлық құрылғыларда, душ қондырғыларында, бассейндерде, сәндік субұрқақтарда орналасып алады.
Инфекцияның берілу механизмі - аэрозольды. Инфекция көбінесе су аэрозольмен демалу кезінде жұғады.
Санитариялық ережелерге сәйкес, қоғамдық ғимараттарда орталықтандырылған ауа баптау және ылғалдандыру жүйелері болған жағдайда, жылына бір рет легионеллалардың болуына микробиологиялық бақылау жүргізіледі.
ҚР ПІБ МО «СЭСО» ШЖҚ РМК-нің аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасы молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижелері келесі күні беріледі.
Легионеллездің алдын алу шараларына мыналар жатады: сумен жабдықтау жүйелерін, сплит жүйелерін жалпы тазалау және жуу, ауа баптағыштардың сүзгілерін ауыстыру, физикалық және (немесе) химиялық дезинфекциялау, жүйеде судың температурасын 65 °C және одан жоғары температурада ұстау.
Жеке профилактикаға келсек, халық ресми ұйымдастырылған рекреационды аймақтарда (су объектілерінде) орналасқан демалыс орындарын пайдалануы қажет.
Клиникалық көріністері пайда болып, медициналық көмекке жүгінген кезде, жақын арада өзіңіз болған ауа баптағыштармен жабдықталған орынжайларды, сондай-ақ су объектілерінің жанындағы демалыс орындарын атау қажет.