Вакцинация халықты жұқпалы аурулардан қорғау, олардың таралуын болдырмау және балалар, қарттар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар сияқты осал топтардың ауру қаупін азайтуда шешуші рөл атқарады. Ол қоғамның барлық мүшелерін, соның ішінде медициналық көрсетілімдерге байланысты егілмейтіндерді қорғауды қамтамасыз ету арқылы топтық иммунитетін құруға ықпал етеді. Вакцинация сонымен қатар денсаулық сақтау саласы мен экономикаға түсетін ауыртпалықты азайтатын асқынулардың алдын алудың және ауруды азайтудың негізгі құралы болып табылады. Вакцинация арқылы алдын алуға болатын инфекциялардың бірі − көкжөтел.
Көкжөтел – грамтеріс Bordetella pertussis бактериясы тудыратын, ауа тамшылары арқылы берілетін және негізінен кішкентай және мектеп жасына дейінгі балаларға әсер ететін өткір жұқпалы ауру. Ол біртіндеп кезең-кезеңмен дамып, көбіне құсумен аяқталатын тоқтамайтын жөтел ұстамасымен сипатталады.
Көкжөтел инфекциясының көзі − көкжөтелдің типтік және атипті формаларымен ауыратын науқастар (балалар мен ересектер).
Көкжөтел ауа тамшылары арқылы беріледі. Жөтелгенде және түшкіргенде қоздырғыштар көп бөлінеді, инфекция науқаспен тығыз байланыста болғанда ғана жұғуы мүмкін. Инкубациялық (симптомсыз) кезең 7-ден 21 күнге дейін өзгеріп тұрады. Маңайдағы адамдарға жұқтыру қаупі әсіресе спазмалық кезеңнің басында үлкен, содан кейін біртіндеп төмендейді және, әдетте, 25-ші күні көкжөтелмен ауыратын науқас ауруды жұқтыра алмайтын болады.
Ауру келесі кезеңдердің алма кезек өзгеруімен жүреді:
1) катаральды кезең біртіндеп басталады, орташа құрғақ жөтел және мұрыннан су ағу пайда болады, дене температурасы 37,1-38,0 оС дейін көтерілуі мүмкін;
2) катаральды кезең біртіндеп спазмалық жөтел кезеңіне өтеді (басқаша – тоқтаусыз жөтел). Жөтел ұстамасы жиілейді, күшейеді, жөтел тоқтаусыз спастикалық сипатқа ие болады. Жөтел эпизодтары бірнеше секундтан 2-3 минутқа дейін созылады. Жөтел ұстамасы кезінде: адамның беті қызарады немесе тіпті көгеріп, мойын тамырлары ісінеді, көзден жас парлап, адамның тілі сыртқа шығып, ұшы жоғары қарай бүгіліп, жабысқақ мөлдір қақырық бөлінуімен аяқталады. Дауыс шымылдығының аралығы спастикалық тарылуына байланысты дем алғанда ысқырықты дыбыс (реприз) байқалады;
3) реконвалесценция кезеңі - қалпына келу кезеңі азырақ және қатты ауыр емес жөтелмен сипатталады.
Асқынған көкжөтел. Көкжөтел көбінесе қайталама инфекциялардың қосылуымен байланысты асқынуларды тудырады, әсіресе тыныс алу жүйесінің аурулары жиі кездеседі: бронхит, плеврит, эмфиземаның дамуы да мүмкін. Сирек жағдайларда ауру өті ауыр болған кезде өкпе ателектазына, пневмотораксқа әкеледі.
Балалардағы көкжөтелдің алдын-алудың жалғыз тиімді әдісі − вакцинация күнтізбесіне сәйкес вакцинация жасау. Вакцинаны енгізу балаға инфекция қаупін едәуір азайтуға мүмкіндік береді, тіпті көкжөтел пайда болса да, ауру өте жеңіл түрде өтеді.
Көкжөтелге қарсы вакцинацияның мақсаты − нәрестелер мен жас балалар арасында қатты ауру қаупін азайту. Көкжөтелге қарсы вакциналардың екі түрі бар: негізінде өлтірілген B. pertussis тұтас жасушалы вакцина және бір немесе бірнеше жоғары тазартылған көкжөтелге қарсы антигендерге негізделген жасушасыз көкжөтелге қарсы вакциналар. ДДҰ барлық сәбилерге көкжөтелге қарсы вакцинаның үш дозасын және 1-6 жас аралығындағы балаларға бір бустерлі дозаны енгізуді ұсынады.
«Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысымен бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес көкжөтелге қарсы егулер 2,3,4 және 18 айда, сондай-ақ 6 жаста жасалады.