Тамақтан улану - бұл белгілі бір микроорганизмдермен ластанған немесе құрамында микробтық немесе микробтық емес сипаттағы улы заттар бар тағамдарды тұтыну нәтижесінде пайда болатын жедел жұқпалы аурулар. Денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін тағамдық токсикоинфекциялар мен микробтық интоксикациялар ең үлкен қауіп тудырады.
Тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының (ЖІИ) негізгі себептері ̶ санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауы болып қала береді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін өнімдерді өндіру мен сатудың әр кезеңінде қатаң бақылау жасау керек. Тиімді профилактикаға күшейтілген өндірістік бақылау арқылы қол жеткізуге болады.
Абай облысындағы ҚР Президенті Іс басқармасын медициналық орталығының күндері аясында, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, Абай облысының ҚР ДСМ СЭБК санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және Ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп, тамақ қауіпсіздігі бойынша семинар өткізді. Азық-түлік өндірушілері мен ұйымдастырушыларын қоса алғанда, 74 маман азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуға және тұтынушылардың денсаулығын қорғауға көмектесетін маңызды білім мен практикалық дағдыларға ие болды.
Балалардың тамақтану қауіпсіздігі және білім беру мекемелерінде тамақтан уланудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыс әкімдігінің білім басқармасының платформасында аудандық және қалалық басқармалардың, сондай-ақ білім беру нысандарының өкілдері үшін тренинг өткізіліп, 350 адам қамтылды. Қатысушыларға тәуекелдерді азайту үшін өндірістік бақылауды енгізу және оқушылар арасында тамақтан улану мен ЖІИ алдын алу шараларын сақтау қажеттігі туралы еске салынды:
- Сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар тамақ өнімдері мен шикізатты ғана қабылдау.
- Шикі тағамдарды дайын өнімдерден, әсіресе термиялық өңдеуден өтпейтін өнімдерден бөлек сақтау.
- Ет, балық, сүт өнімдері сияқты тез бұзылатын өнімдерді сақтау шарттары мен пайдалану мерзімдеріне ерекше назар аудару.
- Тамақ дайындаудың технологиялық процестерін сақтау.
- Дайындалған тағамдар мен өнімдердің тәуліктік сынамаларын стерильді ыдыстарға алуды және оларды +2°C – +6°C температурада 48 сағат бойы тоңазытқышта сақтауды қамтамасыз ету.
- Ас үй жабдықтары мен асханалық ыдыстарды өңдеу бойынша талаптарды орындау.
Қоғамдық тамақтандырумен айналысатын кәсіпорындар санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы нормативтік құқықтық актілердің сақталуы бойынша өзін-өзі бақылауды қоса алғанда, өндірістік бақылау ұйымдастыруға міндетті.
Мектеп асханаларында рұқсат етілген тағамдар тізіміне қойылатын қатаң талаптар бар. «Флот стиліндегі» макарон, паштеттер, салма салынған құймақтар, күрделі салаттар (құрамындаға компонентте саны төрттен артық), майонез және қаймақ қосылған салаттар, сондай-ақ эпидемиологиялық қауіп төндіретін кремі бар кондитерлік өнімдер және өнеркәсіптік емес (үйде дайындалған) тағамдарды дайындауға және сатуға жол берілмейді.
Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметкерлері заңнамалық талаптарға сәйкес медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтуге, жеке гигиена ережелерін сақтауға міндетті. Ішек ауруларының белгілері бар мен қолында жарасы бар жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді тәсілдерін ұсынады. Орталық мамандары өндірістік процестің барлық кезеңдерінде тәуекелдерді анықтауға, бақыланатын орындарды белгілеуге және халықаралық сапа стандарттарын сақтауға мүмкіндік беретін көшпелі зертханалық тексерулер жүргізеді.
Есіңізде болсын: дұрыс тамақтану ̶ тамақ қауіпсіздігінен басталады!