



Бұл жай ғана көшет. Тамырлары әлі топыраққа бойлап үлгермеген біреудің алақанында тұрған жіңішке келген жас ағаш. Ал адам баласы оны топыраққа отырғызған сәттен бастап әлдебір көзге көрінбейтін өзгерістер орын ала бастайды. Қарапайым ғана әрекет айналаға терең мағына дарытады. Бұл – жай ғана көгалдандыру емес. Бұл – сұлулық үшін жасалған өткінші шара да емес. Бұл – саналы таңдау. Өмірге, денсаулыққа, табиғаттың тазалығына қарай жасалған таңдау.
Ағаш отырғызу әрекеті арқылы ҚР ПІБ Медициналық орталығының референс-зертханасы — маңызды экологиялық бастаманы жолға қойды. Бастама «Жайқалған жасыл бақ» деп аталады. Ол ең қарапайым көрінетін, бірақ аса маңызды мәселеге — біз өмір сүріп жатқан жердің тазалығы мен оның берер игілігіне арналған.
Көп жағдайда дүкен сөрелеріндегі көздің жауын алардай жалтырап тұрған алма мен теп тегіс қызанақ, шырынды жидектер көз қуантады. Алайда зертхана мамандары бұл сыртқы сұлулықтың артында елеулі қауіп болуы мүмкін екенін жақсы біледі. Жыл сайын біз жүздеген жеміс-жидек, көкөніс пен топырақ үлгілерін зерттейміз. Және олардың ішінде пестицидтер, нитраттар мен ауыр металдар жиі кездеседі. Сырт көзге сапалы әрі пайдалы көрінетін тағам — шын мәнінде ағзаға елеусіз, бірақ ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Бұл әсіресе балалар мен иммунитеті әлсіреген жандар үшін аса қауіпті.
Мысалы, 2024 жылдың өзінде Референс-зертхана өсімдік шаруашылығы өнімдеріне 7 326 сараптама жүргізіп, оның 237-сі (3,2%) техникалық талаптарға сай емес деп танылды.
«Жайқалған жасыл бақ» акциясы — бұл жай ғана ағаш отырғызу емес. Бұл — мәдениет пен жауапкершілік. Жай ғана өсіру емес, өсіргенге шынайы қамқорлық таныту әдеті. Бұл — топырағы уланбаған жерге деген терең құрмет. Бұл — шын мәнінде денсаулықты улайтын емес, керісінше қалпына келтіретін тағам. Біз әрбір қазақстандық өзіне мына сұрақты қойса дейміз: менің бақшамда не өсіп жатыр? Тоңазытқышымда қандай өнімдер бар? Балабақша мен аурухана асханасы қандай тағамдарды ұсынады? Әрбір ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа, әрбір ата-ана, әрбір мұғалім, студент, дәрігер жер үшін, өнім үшін, денсаулық үшін өз жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Осы мақсатта біз осы экологиялық челленджді бастамақпыз. Барша жұртты өз тәжірибелерімен бөлісуге, химикатсыз өнім өсіру тәсілдерін көрсетуге және табиғатпен үйлесімді өмір сүру жолдарын насихаттауға шақырамыз.
2024 жылдан бастап зертханамыз халықаралық ToxBase токсикологиялық қауіпсіздік базасымен серіктестікте жұмыс істейді. Бұл – үлкен жетістік, әрі сапа мен ашықтықтың жаңа белесі. Базада 17 000-нан астам химиялық зат туралы кең ауқымды мәліметтер жинақталған. Осы ақпараттық платформа арқылы еліміздің дәрігерлері улану жағдайларында шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдап, көптеген өмірді сақтап қалуға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі KazToxBase — ұлттық токсикологиялық платформаны дамытуға арналған жол картасын бекітті. Біз бұл маңызды жұмысты жүйелі, ғылыми негізде және дәйекті түрде жүзеге асыруға кірісіп отырмыз.
Ағаш отырғызғанда біз, сая болатын көлеңке мен көз тоятын сұлулық сыйлаймыз деп ойлаймыз. Алайда, шын мәнінде, біз өмірді, жақындарымыздың денсаулығын және болашақ ұрпақтардың амандығын таңдаймыз.