Басты бетТырысқақ

Тырысқақ

Тырысқақ

Тырысқақ  ̶ бұл тек адамдарда кездесетін, асқазан-ішек жолдарын зақымдайтын (диарея, құсу) қауіпті жұқпалы ауру. Оны суда және жеткілікті термиялық өңделмеген кейбір тағамдарда (балық, шаян, асшаян, басқа теңіз өнімдері, сүт және сүт өнімдерінде) жақсы сақталатын тырысқақ ауруының Vibrio cholerae вибриондары тудырады. Егер бұл ауруға ем қолданылмаса, адам бірнеше сағат ішінде өліп кетуі мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері:

Ауруды жұқтырған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 2-10 сағаттан 5 күнге дейін уақыт өтуі мүмкін.

Тырысқақтың жеңіл ағымы бар, ол кезде адамда бір реттік сұйық нәжіс болып, құсуы мүмкін.

Тырысқақтың орташа ауыр ағымы ˗ жіті басталумен сипатталады, адамда нәжіс тоқтаусыз бөлініп, кейде құсуы да мүмкін.

Тырысқақтың ауыр ағымы ˗ сусызданудың айқын дәрежесімен сипатталады. Науқастарда жиі су тәрізді тоқтаусыз нәжіс бөлініп, құсып, бұлшықеттері құрысады. Науқастар денесінің аса бір әлсізденгеніне, қайта-қайта шөлдей беретіндігіне шағымданады.

 

Ауруды қалай жұқтыруға болады?

Жасына және жынысына қарамастан барлық адамдар тырысқақ инфекциясын жұқтыруы әбден ықтимал.

Мына жағдайларда ауру жұқтырып алуыңыз мүмкін:

  • ашық су қоймасының зарарсыздандырылмаған суын ішкен кезде және басқа да қажеттіліктер үшін пайдаланған кезде;
  • ашық су қоймасында шомылған және суды жұтып қойған кезде;
  • жеткілікті дәрежеде термиялық өңделмеген тағамдарды жеген кезде;
  • тырысқақ ауруын жұқтырған адаммен (тырысқақ ауруын жұқтыру мүмкін) тұрмыстық заттар (ыдыс-аяқ, сүлгі, төсек-орын және т.б.) арқылы байланыста болған кезде;
  • жіті ішек инфекциясы бар науқасқа күтім жасау кезінде;
  • жеке гигиена ережелерін сақтамаған жағдайда.

Тырысқақ ауруын жұқтыру қаупі жоғары елдерге баратын адамдардың ауруды жұқтыру тәуекелі жоғары болады.

 

Аурудың алдын алу:

  1. Тек қайнатылған немесе арнайы өңделген (бөтелкелерге құйылған) ауызсуды тұтыну.
  2. Тағамды жеткілікті дәрежеде термиялық өңдеу, тағамды сақтаудың температуралық режимдерін сақтау.
  3. Көкөністер мен жемістерді қауіпсіз сумен мұқият жуу.
  4. Сапарда болған кезде су мен азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аудару.
  5. Жеке гигиена ережелерін сақтау (қолды мұқият жуу, әсіресе тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін мұқият жуу, санитариялық құралдарды қолдану).
  6. Шомылуға рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу. Шомылу кезінде судың ауыз қуысына түсуіне жол бермеу.
  7. Тырысқақ ауруын жұқтыру қаупі жоғары елдерге баратын кезде тырысқаққа қарсы вакцинация жасау ұсынылады.