



Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында құрылыс компанияларының өкілдерімен кезекті кездесу өткізілді. Бұл — «Ыңғайлы және қауіпсіз баспана» тақырыбындағы тұрақты форматтағы кездесулердің жалғасы.
Референс-зертхана бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мақсат – тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер құрылыс материалдары таңдалған сәттен бастап-ақ санитариялық қауіпсіздік талаптарына сай болуын қамтамасыз ету. Яғни, қауіпсіздік – жобалаудан басталуы тиіс.
Кездесуге «Атамекен» ҰКП және елорданың ірі құрылыс компаниялары – BI Construction, Mabetex Group, «Казстройсистема», «ИВ Строй-инжиниринг», «Оникс», Global Expert Development Group және басқа ұйымдар қатысты.
Қатысушыларға құрылыс материалдарының сапасы мен қауіпсіздігін бағалау бойынша Референс-зертхананың мүмкіндіктері таныстырылды. Сарапшылар материалдардың уыттылық деңгейі, радиациялық фон, иіс бөлу, шу және микроклимат секілді көрсеткіштерді бағалау әдістерімен бөлісті.
Сонымен қатар, қатысушылар заманауи зертханалық құралдармен жабдықталған бөлімдердің жұмыс барысын көріп, санитариялық-гигиеналық, токсикологиялық, радиологиялық және акустикалық зерттеулердің нақты қалай жүргізілетінін бақылауға мүмкіндік алды. Мұндай зерттеулер – әсіресе әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер үшін аса маңызды, себебі бұл жерлерде адамдар көп уақытын өткізеді.
Референс-зертхана құрылыс саласындағы серіктестік аясын кеңейтіп, жаңа компаниялармен өзара тиімді байланыс орнатуға дайын. Мұндай кездесулер қауіпсіз, сапалы әрі салауатты орта қалыптастыруға жол ашады.