




Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында жаңару мен жақсылықтың, татулық пен рухани үндестіктің белгісі – Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара өтті.
Көктемнің жайма-шуақ лебі енді ғана сезіле бастаған елордада ұжым ашық аспан астында бас қосып, әріптестер, ардагерлер және достармен бірге шынайы көңіл-күйде ұлыстың ұсы күнін атап өтті.
Зертхана ауласында киіз үй тігіліп, үлкен қазан асып, дәстүрлі дастархан жайылды. Ұжым мүшелері «Саржайлау», «Ынтымақ», «Қожа» және «Рамазан» атты төрт ауылға бөлініп, ұлттық тағамдар әзірлеп, әнмен шашу шашып, салт-дәстүр көріністерін көрсетті.
Шараның шырайын ұжымдық өнер көрсетілімдері мен жеке номинациялар бойынша өткен байқаулар аша түсті. Сонымен қатар, ұлттық ойындар — қол күрес пен арқан тартыс — қатысушылар мен көрермендердің ерекше қызығушылығын оятып, мерекенің көңілін қыздыра түсті.
Мерекенің қадірлі қонақтары — Референс-зертхананың ардагерлері. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама саласына ғұмырының бір бөлігін арнаған бұл жандардың қатысуы жас мамандар үшін ерекші мәнге ие болды. Жылы жүздесу барысында ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, батасын беріп, ізгі тілектерін жолдады. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі, рухани жалғастықтың символы.
Ардагерлер құрметті қазылар алқасының құрамында болып, барлық ауылдардың еңбегін жылы лебізбен бағалады. Бұл – мекеменің басты күші – адам капиталы, кәсіпқойлық, өзара сыйластық пен ортақ тарих екенін тағы бір мәрте еске салды.
Ауылдар арасындағы дастархан байқауы да тартысты өтті. Нәтижесінде, Гран-при жүлдесі ұлттық құндылықтарға деген терең құрметі, ұйымшылдығы және жарқын қойылымы үшін «Қожа» ауылына бұйырды. Сонымен қатар, келесі номинациялар бойынша үздіктер анықталды: «Қонақжай ауыл» — «Рамазан» ауылы, «Креативті дастархан» — «Ынтымақ» ауылы, «Дәмді Наурыз көже» — «Саржайлау» ауылы, «Ең әдемі ұлттық киім» иегерлері — Сұлтан-Әзрет Шахат пен Мәдина Қадыровада сыйлықсыз қалмады.
Осындай мерекелер ұжым ішіндегі бірлікті нығайтып, ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтауға, өзара құрмет пен қолдауға негізделген жағымды атмосфераны қалыптастыруға жол ашады. Бұл — жай ғана мейрам емес, күнделікті қызмет пен өмірде ұстанатын ортақ құндылықтарымыздың көрінісі. Ал үлкендердің тәжірибесі мен жастардың жігері қатар жүрген ортада – болашақтың іргесі нық қаланады.