


Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектор бойынша отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың, қайта өңдеу кәсіпорындарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Аталған кеңестің жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасының директоры Сауле Шарипова да қатысты. Ол негізгі мәселелерді талқылау барысында шыққан тегі белгісіз, таңбалау ережесі бұзылған, ұлттық және халықаралық стандарттарға сай келмейтін, тіпті жалған өнімдердің саудаға шығарылуын қатаң бақылауға алу жөнінде ұсыныс білдірді.
Тағам өнімдерін қолдан жасап, тұтынушыны алдау — денсаулыққа тікелей қауіп төндіріп, тағамнан улану қаупін арттырады, сондай-ақ таңбаланбаған ерекше қоспалар аллергиялық реакция туғызуы мүмкін. Мұндай әрекеттер адал еңбекпен өнім өндіретін кәсіпкерлерге де экономикалық тұрғыдан зиянын тигізеді.
Осы сынды заңбұзушылықтардың алдын алып, халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында Референс-зертхана мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдеріне арнап өнімді дұрыс таңбалау, оның шығу тегін бақылау және импорттық өнімдерге зертханалық талдау жүргізу бойынша оқыту іс-шарасын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл бастама кеңес қатысушылары тарапынан дер кезінде көтерілген, нақты әрі пайдалы қадам ретінде қолдау тапты.