


Медицина қызметкерлері күніне орай: Референс-зертхананың фельдшер-зертханашысы Саламат Әшірбайқызы Жаникулованың шынайы хикаясы
Саламат Әшірбайқызы Жаникулова бала күнінен өзін ақ халат киген, байыппен маңызды жұмыс атқарып жүрген ересек ретінде елестететін. Бұл балалық қиял емес, жүректен шыққан арман еді. Ол адам денсаулығына қызмет ететін ғылымға, нақты білімге ерте жастан ықылас танытты.
Бүгінде оның медицина саласындағы еңбек жолына 21 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ақ халат — оның кәсіби болмысына, адами ұстанымына айналды. Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертхананың токсикология зертханасында жұмыс істейді.
Кентау қаласының тумасы Саламат Әшірбайқызы арманын мақсатқа айналдырып, алдымен колледжде «технолог» мамандығын игеріп, кейін химия саласы бойынша жоғары білім алды. Еңбек жолының алғашқы кезеңі Кентау қаласының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде өткен. Бұл жерде ол 14 жыл бойы қызмет атқарып, тағам мен радиология бағытындағы зертханалық жұмыстармен айналысты.
Бүгінде ол Референс-зертхананың сапалы әрі сенімді зертханалық жүйесінің бір бөлшегі ретінде токсикологиялық сараптама жүргізіп, адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдердің қауіпсіздігін зерттеуге өз үлесін қосып келеді.
«Токсикология — бұл жай ғана зерттеу саласы емес. Бұл — үлкен жауапкершілік. Біз зерттейтін заттар — ойыншық, косметика, тағам немесе дәрі болсын — барлығы адамның өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл жұмыс шабыт пен ыждағаттылықты талап етеді», — дейді ол.
COVID-19 пандемия кезеңінде, дезинфекциялық құралдарды сараптау, қауіпсіздік әдістемелерін жетілдіру сияқты жұмыстардың барлығы күн тәртібінің алдыңғы қатарына шыққан кезде оның жұмысы айрықша мәнге ие болды. Ол бос уақытында да білімін тереңдетуге ден қояды: өйткені ол — білім тек артықшылық емес, қорған дегенге сенімді.
«Әкем үнемі: “Жұмысыңа адал бол, сүйіп істе” деп айтатын. Мен бұл сөздерді өмірлік ұстаным ретінде қабылдадым. Жауапкершілік — менің кәсіби тірегім», — дейді Саламат Әшірбайқызы.
Әріптестері оны біліктілігі, еңбекке адалдығы және кез келген уақытта қол ұшын созуға әзір тұратын адами қасиеті үшін ерекше бағалайды. Ал ұлы бүгінде әскери дәрігер болуды армандайды — бәлкім, анасының үлгісі әсер еткен болар.
Саламат Әшірбайқызының жолы — бұл мамандық таңдау ғана емес, бала арманнан бастау алған өмірлік миссия. Бұл — жүрек қалауымен медицина жолын таңдаған әр жанға шабыт боларлық тағылымды тағдыр.