



2024 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына ерекше тоқталды. Президент бұл бастаманың басты мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу екенін атап өтті. Ол: «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» қағидаты мен табиғатқа жанашырлықпен қарау ұлттың рухани болмысына айналуы тиіс деді.
Мемлекет басшысы:
«Бұл уақытша шара емес. Бұл маңызды жобаның жыл он екі ай тоқтаусыз жалғасуы қажет», — деп атап өтті.
Осы ұстаным аясында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертханасында мекеме аумағын абаттандыру мен көгалдандыру шаралары жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Атап айтқанда, акцияның кезекті кезеңі шеңберінде зертхана ұжымы келесі жұмыстарды атқарды:
- мекеме маңын күл-қоқыстан тазарту,
- гүлзарларды арамшөптерден арылту,
- өсімдіктерге тыңайтқыштар қосып суару.
Мұндай игі істер тек экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, қызметкерлер мен келушілер арасында табиғатқа деген жауапкершілік пен қамқорлық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Референс-зертхана ұжымы алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді түрде үн қосып, еліміздің табиғаты таза, айналасы жасыл күйде сақталуына өз үлесін қоса бермек.