



Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жанындағы Референс-зертханада «Өндірістік бақылаудың өзекті мәселелері» атты мазмұнды семинар өтті. Бұл кездесу — зертхана мамандары мен өндірістік сала өкілдері арасында тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаң болды.
Семинардың басты мақсаты — санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын бірлесіп талқылау, өнім сапасын арттыру және өндірісте жауапты бақылау мәдениетін қалыптастыру.
Семинардың ашылуында Референс-зертхананың директоры Сәуле Шарипова сөз алып, қазіргі заман талаптары қауіпсіздік мәселесіне жүйелі және ғылыми негізделген көзқарасты қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, нақты деректер мен қолданыстағы нормативтерге негізделген зертханалық сүйемелдеу — тұрақты әрі сенімді өндірістің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Бағдарлама барысында қатысушылар төмендегі маңызды тақырыптармен танысты:
- дезинфекциялық құралдарды ғылыми-кәсіптік тұрғыда жіктеу,
- санитариялық-бактериологиялық зерттеулердің өзектілігі,
- балаларға арналған нысандардағы паразиттік қауіптер,
- тағам өнімдеріндегі фальсификаттарды анықтау тәсілдері,
- ГМА мен аллергендерді таңбалау талаптары,
- қоршаған ортадағы вирустық қатерлер,
- өндірістік бақылау жүйесін құрудың заманауи стратегиялары.
Семинар аясында ірі бизнес өкілдерінің қатысуы ерекше назарға ие болды. Қонақтардың қатарында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Лукойл Қазақстан Апстрим» ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ, «PetroRetail» ЖШС, «MediTec-NS» ЖШС және денсаулық сақтау, мұнай өңдеу, сауда секторының өзге де жетекші компаниялары болды. Бұл қатысушылардың семинар тақырыбына шынайы қызығушылығы мен зертхана мамандарына деген сенімін дәлелдеді.
Қорытынды бөлімдегі сұрақ-жауап сессиясы — нормативтік талаптарды өндірістік ортада қолдану, жиі кездесетін қателіктер мен тәуекелдерді азайтуда зертханалық сүйемелдеудің артықшылықтарын талқылауға мүмкіндік берді.
Бұл семинар бизнес-қауымдастықпен кәсіби диалог орнатудағы маңызды қадам болумен қатар, Референс-зертхананың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түсті.