






Өнімнің тек дәмді болып қана қоймай, тұтынушы үшін қауіпсіз екендігін қалай дәлелдеуге болады? Қауіпсіз тағамның артында нағыз қамқорлық пен адамдардың денсаулығына деген терең жауапкершілік жататыны сөзсіз. Осы маңызды сұрақтарға жауап іздегендер — ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертханасында өткен HACCP жүйесі мен тағамнан уланудың алдын алу бойынша практикалық курсқа жиналды.
Оқытуға өндірісті терең түсінетін мамандар — қонақүй мен мейрамхана басшылары, шеф-аспаздар, су-шефтер, санитариялық дәрігерлер, технологиялық қызметкерлер және сапаны бақылайтын мамандар жиналды. Олар сапаны бақылау жүйесін күнделікті жұмыстың тиімді құралына айналдырып, тәуекелдерді мәселе туындар алдында қалай болдырмауға болатынын бірлесе талқылады.
Сабақ барысында тағамның барлық кезеңдерінде — шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнімге дейінгі бақылауды қалай жүйелі түрде ұйымдастыру керектігі жан-жақты талқыланды. Заң талаптары мен құжат жүргізудің тәртіптері, ең бастысы — қауіпті факторларды анықтау, оларды терең талдау, тәуекелдерді басқару және уақытында жою әдістері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Ең қызықты сәттер — күнделікті өмірден алынған нақты жағдайларға негізделген практикалық мысалдар болды. Қатысушылар өз нысандарының ерекшеліктерін ескере отырып, HACCP жоспарын құруды, маңызды бақылау нүктелерін анықтауды, рұқсат етілген шектерді белгілеуді және нақты тиімділікті қамтамасыз ететін мониторинг жүйесін ұйымдастыруды меңгерді.
«Тағам қауіпсіздігі — тек стандарттарды орындау емес, әрбір қонаққа деген құрмет пен денсаулығына деген қамқорлық. HACCP жүйесі сапаны бақылауды кәсіпорын мәдениетінің бір бөлігіне айналдыруға септігін тигізеді», — деді Референс-зертхана мамандары.
Оқыту аяқталған соң қатысушылар тестілеуден өтіп, бағдарламаны толық меңгергені туралы сертификатқа ие болды. Мұндай формат командаларға алған білімдерін дереу іс жүзінде қолдануға, тәуекелдерді тиімді төмендетуге және қонақтар мен клиенттердің сенімін арттыруға жол ашады.
Референс-зертханасы тағам қауіпсіздігі мәдениетін бірлесе отырып — тәжірибе бөлісу, үздіксіз білім жетілдіру және сапаға деген тұрақты ұмтылыс арқылы қалыптастыруға болатынына мызғымас сеніммен қарайды.