







Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертхана ұжымы жақында бірқатар іргелі кәсіби шараларға қатысып, өз саласының дамуындағы маңызды үдерістерге үн қосты. Атап айтқанда, зертхана өкілдері Экспорттаушылар форумына, HoReCa Forum 2025 басқосуына және Дүниежүзілік аккредитация күніне арналған кездесулерге белсене атсалысты. Бұл алаңдар - тәжірибе мен білімнің, жаңашыл идеялар мен салааралық байланыстардың тоғысқан тұсы. Мұндай қатысу - сапаға ұмтылыс пен серіктестік мәдениетін дамытудағы маңызды баспалдақ.
Астанада өткен Экспорттаушылар форумы - отандық кәсіпкерлер, халықаралық ритейлерлер мен мемлекеттік құрылым өкілдерін ортақ мүдде жолында біріктірген мазмұнды диалог алаңы болды. Жиын барысында Қазақстан экспортының болашағы мен басым бағыттары - Қытай, Иран, Орталық Азия мен Кавказ елдері - кеңінен талқыланды. Форум аясында сыртқы сауда саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған ұлттық экспорттаушылар альянсы - QAZTRADE ALLIANCE құрылып, бұл бастама жаңа серпінге жол ашты.
HoReCa Forum 2025 халықаралық көрме аясында ұйымдастырылып, мейрамхана және қонақүй индустриясының кәсіби өкілдерін ортақ алаңда тоғыстырды. Отыздан астам сарапшы қазіргі заманғы қызмет көрсету саласындағы тың тәсілдер мен трендтерді ұсынды. Форум шеңберінде кәсіби дамудың жаңа бағыттары, салалық ынтымақтастық пен сервистік қызмет сапасы кеңінен сөз болды.
Ал Дүниежүзілік аккредитация күні - сапа, сенім және қауіпсіздік сынды әмбебап құндылықтардың маңызын айқындаған айтулы дата. Биылғы жылдың ұраны - «Аккредитация: шағын және орта бизнестің мүмкіндігін кеңейту» - қазіргі жаһандық экономикалық жағдай аясында ерекше мәнге ие болып отыр. Бұл тақырып арқылы аккредитацияның әлеуметтік және кәсіби рөлін тереңнен түсінуге жол ашылды.