




Зертханалық зерттеулердің дәлдігі – адамдардың денсаулығына, өнімнің қауіпсіздігіне және сынақ нәтижелеріне деген сенімге тікелей ықпал ететін маңызды көрсеткіш. Деректердің сенімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін негізгі тетіктердің бірі – біліктілікті тексеру бағдарламалары. Олар зертханалардың жұмыс әдістерін жетілдіруге, халықаралық стандарттарды енгізуге және кәсіби беделін нығайтуға жол ашады.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертханада Астана қаласының сынақ зертханаларына арналған «Біліктілікті тексеру сенімді провайдерден: жақын әрі қолжетімді» атты семинар өтті. Шара зертхана саласының мамандарын және мемлекеттік әрі салалық құрылымдардың өкілдерін ортақ алаңға тоғыстырды. Олардың қатарында «КазСтандарт» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (КТРМ МТИ РК), Ұлттық аккредитация орталығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «НацЭкС» – Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы, «Астана Су Арнасы», «Астана энергия», «Medi TEC-NS» ЖШС, «General Survey Information Co Ltd», «Өнім қауіпсіздігі» ЖШС, Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталық, «Тау-Кен Алтын» ЖШС, сондай-ақ Экология департаменті мен ИЛ ОЛАК бар. Семинарға 45-тен астам маман қатысты.
Референс-зертхананың директоры Сауле Шарипова қатысушыларға зертхананың біліктілікті тексеру бағдарламаларын таныстырып, сынақ зертханалары үшін қолжетімді, ашық әрі тиімді шешімдер ұсынатынын атап өтті. Ол сондай-ақ Референс-зертхананың әріптестеріне сенімді серіктес болуға ұмтылатынын ерекше жеткізді.
Панельдік пікірталас барысында «КазСтандарт» РМК бас директорының орынбасары Александр Раззаренов, «Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің директоры Ерік Жалманбетов, Ұлттық аккредитация орталығының сарапшы-аудиторы Жазира Садықова және «КазСтандарт» РМК жетекші маманы Айгерім Айтпаева сөз алып, біліктілікті тексерудің стратегиялық маңызы, оның жеке сала ретінде дамуының болашағы және еліміздің барлық өңірлерінде сынақ сапасын тәуелсіз бақылаудың қажеттілігі талқыланды.
Семинар жылы да іскерлік ахуалда өтіп, қатысушыларға тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және өзекті мәселелер бойынша жауап алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ сыртқы сапаны бағалау кезіндегі қиындықтар ортаға салынып, қатысушыларға арнайы куәліктер табысталды.