





30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күні - мемлекеттілігіміздің негізін айқындайтын, елдің бірлігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын басты мерекелердің бірі. Осы атаулы күн аясында Референс-зертхананың бірқатар қызметкерлері өздерінің еңбектегі жетістіктері мен кәсіби үлестері үшін түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Салтанатты рәсімде марапаттарды Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Владимирович Цой табыс етіп, әріптестердің адал қызметін және жауапты еңбегін жоғары бағалады. Бұл марапаттар жекелеген қызметкерлердің табысы ғана емес, бүкіл ұжымның табандылығы мен кәсіби біліктілігінің айқын көрінісі болып отыр. Референс-зертхана санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халық денсаулығын қорғау ісінде ерекше орын алып, қоғам игілігі жолында қажырлы еңбек етуде.
Референс-зертхана директоры Сәуле Шарипова Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Үздік еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы Ләззат Бекмағанбетова Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Ұйымдастыру-құқықтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік тілді дамыту маманы Жаннұр Ожықова Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Дезинсекция, дератизация және зарарсыздандыру зертханасының дезинфекторы Әлия Жахина Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалін иеленді. Өндірістік-шаруашылық бөлімінің жүргізушісі Марат Баймұханов Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай санитариялық-эпидемиологиялық сараптама саласындағы жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігін танытып, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Референс-зертхана директоры бірнеше қызметкерді марапаттады. Атап айтқанда, Анар Мұсағалиеваға, Насипа Досановаға, Әкерке Әдіеваға, Айнұр Жанкұловаға, Дәмегүл Мәдениноваға және Жансая Берлібековаға Құрмет грамоталары, ал Гүлжан Әрингазиноваға, Мереке Жуманалиеваға, Айман Баяхметоваға, Шолпан Шаиховаға және Жұмазия Бекмағамбетоваға Алғыс хаттар берілді.
Бұл марапаттар Референс-зертхана ұжымының кәсібилігін, табандылығын және ортақ іске деген адалдығын паш етеді. Әрбір қызметкердің еңбегі еліміздің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қосылған өлшеусіз үлес болып табылады.