




Дезинсекция мен дератизацияны қалай дұрыс жүргізуге болады? Өңдеу жұмыстарының қауіпсіз әрі нәтижелі шығуы үшін қандай қадамдар маңызды? Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда қолдануға рұқсат етілген препараттарды қалай таңдау қажет? Ал тұрақты пест-бақылау неге індеттердің алдын алуға әрі санитариялық ахуалды сақтауға ықпал етеді? Осы және өзге де өзекті сауалдар Референс-зертхананың Токсикология зертханасы мен дезинфекция, дезинсекция және дератизация бөлімі ұйымдастырған Ашық есік күнінде кеңінен талқыланды.
Шараға ПИК пен МИБ өкілдері, балабақша және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпорындардан барлығы қырыққа жуық маман қатысты. Олар пест-бақылау жүргізудің негізгі талаптарымен, қауіптіліктің IV класына жататын қауіпсіз құралдармен және дезинсекция мен дератизацияның заманауи тәсілдерімен танысты.
Жүргізілген тексерістер дезқұралдардың шамамен 50%-ы тиімділік жөніндегі мәлімделген көрсеткіштерге сай еместігін көрсетті, – деді Орталық директоры Сауле Шарипова. – Технология сақталмаған жағдайда микробтық биожабын түзіліп, өңдеу жұмыстарының нәтижесі толық болмай қалады. Сондықтан біз дайын шешімдер ұсынып, заманауи препараттарды пайдалануды және мамандарды процестерді дұрыс ұйымдастыруға үйретуді қолға алып отырмыз. Әрбір қадам нақты әрі кепілді нәтиже беруі тиіс.
Басқосу барысында шақырылған сарапшылар да өз тәжірибелерімен бөлісті: жоғары санатты дәрігер-эпидемиолог Майра Әлібекова дезинфекция кезіндегі жиі жіберілетін қателіктерді атап өтті, МУА кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Рахметова заманауи дезқұралдарға жан-жақты шолу жасады, ал медицина ғылымдарының магистрі Меруерт Бурумбаева дезқұралдардың жіктелуі мен дұрыс таңдау өлшемдерін талдап берді.
Қатысушылар нысандарды өңдеуге дайындау ережелері, жұмыс жүргізу мерзімі мен жиілігі жөнінде практикалық кеңестер алды. Сонымен қатар тұрақты қызмет көрсетуге келісімшарт жасаудың тиімділігін білді. Ұсынылған жеке шарттар мен бонустық пакеттер тыңдармандардың айрықша қызығушылығын тудырды.