



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясының ерекше маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, патриотизмді дәріптеу және табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттау.
Осы ұстанымға сәйкес, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында мекеме аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Акцияның кезекті кезеңінде аумақ тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жасыл желектер мен гүлзарларға күтім жасалды. Зертхана қызметкерлері гүлзарларды арамшөптен арылтып, өсімдіктерді тыңайтқыш қосып суару жұмыстарын ұйымдастырды.
Мұндай игі істер тек экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, ұжым мен келушілер арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
Референс-зертхана алдағы уақытта да еліміздің тазалығы мен жасыл бейнесін сақтауға өз үлесін қосып, «Таза Қазақстан» қозғалысын белсенді қолдауды жалғастырады.