Маусымдық вирустық инфекциялар жиілейтін кезеңде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелеріне арналған оқу семинары өтті.
Семинардың ашылуында Референс-зертхана директоры Сәуле Шарипова профилактика мен халықты ақпараттандырудың маусымдық инфекцияларға қарсы күрестегі маңызды рөлін атап өтіп, мұндай шаралардың қоғамның санитариялық мәдениетін арттыруға айрықша үлес қосатынын жеткізді.
Іс-шара барысында еліміздің жетекші инфекционист мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Динагүл Баешева – Балалар инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, Манар Смағұл – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы
басқарма төрағасының орынбасары, Шолпан Құлжанова – Астана медицина университетінің инфекциялық аурулар және фтизиатрия кафедрасының меңгерушісі — қазіргі эпидемиологиялық ахуал, аурулардың таралу тетігі мен
алдын алу бағыттарындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, Референс-зертхана мамандары да өз баяндамаларында
зертхананың тәжірибесін және ғылыми-практикалық бағыттарын таныстырды. Гаухар Нұсупбаева, зертхана директорының орынбасары,
инфекциялық ауруларды диагностикалау мен эпидемиологиялық қадағалауда
геномдық секвенирлеудің маңызын атап өтті. Жанат Жамалбекова, білім, талдау және халықаралық даму бөлімінің денсаулық сақтау менеджері, биологиялық қауіпсіздік пен биоқорғаныс саласындағы заңнамалық негіздер
жөнінде баяндама жасады. Сания Сарсенғалиева, аса қауіпті бактериалдық және вирустық инфекциялар зертханасының меңгерушісі,
зертхананың қызмет бағыттары мен эпидемиологиялық мониторинг тәжірибесін ортаға салды.
Семинар барысында қатысушылар инфекциялық аурулар бойынша еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды, аурулардың клиникалық көріністері мен заманауи диагностикалық, емдік және профилактикалық тәсілдерді талқылады. Іс-шараға терапевт-дәрігерлер, эпидемиологтар, бактериологтар,
медицина жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері,
сондай-ақ жеке клиникалардың өкілдері қатысты.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Мұндай оқыту кездесулері Референс-зертхананың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы кәсіби қауымдастықты дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.