Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы базасында еліміздегі зертханалық қызметті жетілдіруге арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), ДДҰ Еуропалық бюросының, Грузияның Лугар зертханасының, ұлттық ғылыми орталықтардың, мемлекеттік құрылымдар мен салалық ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және өзге де елдердің жетекші сарапшылары мен ғалымдарын біріктірді.
Конференция барысында халықаралық сарапшылар — Грузиядағы Лугар зертханасының өкілі Гванца Чантурия, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (Женева) сарапшысы Дмитрий Переяслов, ДДҰ Еуропалық бюросының (Копенгаген) өкілі Джоанна Сальви Ле Гаррек, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдары мен практиктері баяндама жасады.
Талқылау барысында биологиялық қауіпсіздік, зертханалық қызмет сапасын арттыру, халықаралық стандарттарды енгізу, кадрлық әлеуетті нығайту және жүйенің стратегиялық дамуы секілді маңызды тақырыптар қамтылды.
Қатысушылар қатарында Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, Ұлттық сараптама орталығының, Республикалық ветеринариялық зертхананың, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Экология комитетінің, «Горводоканал» кәсіпорнының, Медициналық университеттің, «QazBioPharm» ұлттық холдингінің, бизнес-құрылымдар мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының өкілдері болды.
Конференция кәсіби қауымдастық үшін маңызды оқиға ретінде айшықталып, ҚР ПІБ Медициналық орталығының Референс-зертханасын зертханалық медицина және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында мамандар мен ұйымдарды тоғыстыратын еліміздегі жетекші ұлттық ғылыми алаң екендігін тағы бір мәрте танытты.
ҚР ПІБ МО Референс-зертханасы конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасап, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның зертханалық қызметін дамытуға зор үлес қосқан барлық қатысушыларға ризашылығын білдіреді.