Басты бетЖастық, еңбек және шығармашылық

Жастық, еңбек және шығармашылық

Жастық, еңбек және шығармашылық Жастық, еңбек және шығармашылық Жастық, еңбек және шығармашылық Жастық, еңбек және шығармашылық Жастық, еңбек және шығармашылық Жастық, еңбек және шығармашылық

Жұмысшы мамандықтар жылы – еліміздің даму негізін құрайтын адал еңбектің маңызын қайта айқындайтын шақ. Бұл – өз жолын тауып, кәсіби өрлеуге ұмтылған жаңа буын мамандарын танитын жыл. Солардың қатарында – ҚР ПІБ МО Референс-зертханасының жас қызметкері Жансая Берлібекова. Оның өнегелі жолында еңбек пен тәртіп, шабыт пен шығармашылық бірге өріліп, қазіргі Қазақстан жастарының жаңа келбетін айқын көрсетеді.

Тамырдан басталған талпыныс

Қарағанды облысындағы Изенді ауылында дүниеге келген Жансаяның балалық шағы өнермен астасып өтті. Үйге жиналған қыздардың шат күлкісі, DVD арқылы үйренілген билер, анасының қолымен тігілген костюмдер – бәрі оның бойында батылдықты, талпынысты және сахнаға деген сүйіспеншілікті қалыптастырды.

«Біз билерді видео арқылы жаттап, қыздарды үйге жинап дайындалатынбыз. Анам концерттік көйлектерімді өзі тігетін. Сол сәттер мені көпшілік алдында еркін болуға үйреткенін кейін түсіндім», – дейді ол.

Мектеп қабырғасында өткен жылдар – би, қолөнер, Абай өлеңдерін оқу, аудандық және облыстық байқаулар – оның шығармашылық қырын ғана емес, табандылық, тыңғылықтылық және мықты есте сақтау қабілетін шыңдады. Бұл қасиеттер кейін оның кәсіби болмысына да негіз болды.

Шығармашылық - тәртіптің ұстаханасы

Сәкен Сейфуллин атындағы университетте бұл дағдылар одан әрі бекіді. Таңертең – сабақ, кешке – «Шаттық» би ансамблі мен қолөнер үйірмесі. «Тамақ өнімдерінің технологы» мамандығы нақты ғылымдарға мұқият көзқарас талап етсе, шығармашылық оған жинақылық, ұжыммен жұмыс және детальдерге мән беруді үйретті.

Жансая бұл тепе-теңдікті шынайы кәсіби капиталға айналдыра білді.

«Шығармашылық мені тәртіпке баулыды. Биде әр қимыл мәнді – құжатта да дәл солай. Жинақы болмасаң, бәрі көзге көрінеді», – дейді ол.

Өзін ашқан орта

2024 жылы Референс-зертханаға келген Жансая жаңа ұжымды тез қабылдап, өз орнын тапты. Қазір ол – зертхана хатшысы. Ресми хаттар, құжат айналымы, бөлімдермен байланыс – мұның бәрі ұқыптылықты, жоғары ұйымдастырушылықты, тез қабылдайтын зеректікті қажет етеді.

Өзім шығармашылық адам болғанмен, бұрын ұяңдау болатынмын. Бұл жұмыс мені шыңдап, жауапкершілікті, сенімділікті қалыптастырды. Ал сахнадағы жылдарым мұқият болуды үйретті», – дейді Жансая.

Өнерден дарыған талапшылдық оның күнделікті жұмыс сапасына да әсер етіп, әр детальға мән беруді табиғи әдетке айналдырды.

Шығармашылық – ұйымға қосылған үлес

Жансая үшін өнер – тек хобби емес. Бұл – өзінің мекемесін танытуға, ортаға рух беруіне мүмкіндік беретін құрал. Ол Референс-зертхананың атынан түрлі байқауларға қатысып, сахналық нөмір дайындап, өз талантын ұсынады.

Жақында өткен «Шашбаулым» байқауы оның еңбегі мен шығармашылық қуатының жарқын көрінісі болды.

«Мен конкурсқа дайындықтан шаршамаймын. Қайта шабыттанамын. Пайда әкелгім келеді – шығармашылық арқылы болса да», – дейді ол.

Жеке миссия және отбасы аманаты

Жансаяның жолында ата-анасының, әсіресе анасының қолдауы айрықша орын алады. Қызының әр өнеріне алаңдап, әр костюмін бірге талқылауы – оның жүрегіндегі сенімді нығайтқан тірек.

Жансая бұл ойды былай қорытындылайды:

«Әр адамның қоғамға қосар өз үлесі бар. Мен де еңбегіммен де, шығармашылығыммен де пайда әкелгім келеді», – дейді ол.

Бұл оқиға – мамандық пен шығармашылықтың қатар өрілсе, тұлғаны биіктететінін дәлелдейтін жарқын мысал. Жұмысшы мамандықтар жылы осындай тағдырлар еліміздің кәсіби келбетін жаңаша қырынан көрсетеді: алғыр, ынталы, жауапты жас буынды.