Бүгін Стамбул қаласында БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) ұйымдастырған пестицидтердің халық денсаулығына әсері және ұлттық ден қою жүйелерін нығайту мәселелеріне арналған халықаралық кездесу өтті.
Аталған іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Венгрия, Швейцария және Өзбекстан мемлекеттерінің өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының атынан кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқылардың бірі болып құрылған токсикоақпараттық орталықты қалыптастыру тәжірибесін таныстырды.
Токсикоақпараттық орталық 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының базасында Еуропалық одақтың қолдауымен іске асырылған жоба аясында ашылды.
Қазіргі таңда Орталық халықаралық TOXBASE дерекқоры негізінде химиялық уланулар кезінде халыққа жедел көмек көрсету мақсатында Шымкент және Қарағанды қалаларында екі орталықтың ашылуына провайдер ретінде қолдау көрсетіп отыр.