Басты бетТәртіп пен тазалықтың тірегі – Гүлнар Самарханқызы

Тәртіп пен тазалықтың тірегі – Гүлнар Самарханқызы

Тәртіп пен тазалықтың тірегі – Гүлнар Самарханқызы Тәртіп пен тазалықтың тірегі – Гүлнар Самарханқызы Тәртіп пен тазалықтың тірегі – Гүлнар Самарханқызы Тәртіп пен тазалықтың тірегі – Гүлнар Самарханқызы

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көп жағдайда көзге көріне бермейтін, алайда күнделікті еңбегі арқылы ұйымның тәртібі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жандардың рөлі айрықша мәнге ие. ҚР ПІБ МО Референс-зертханасында сондай жандардың бірі – шаруашылық бөлімінің коменданты Гүлнар Самарханқызы Рахимжанова. Ол үшін жұмыс кеңістігі мен адамдарға қамқорлық жасау – кәсіби міндет қана емес, өмірлік ұстаным.

Гүлнар Самарханқызы 1971 жылғы 18 ақпанда Ақмола облысының Қима ауылында, әкесі жүргізуші, анасы педагог әрі аудандық кітапхананы басқарған отбасында дүниеге келген. Еңбекқорлық, жауапкершілік пен адамға құрмет көрсету іспетті басты құндылықтары отбасында қалыптасқан. Отбасындағы тұңғыш перзент болғандықтан, ол ерте жастан тірек болуды, жауапкершілікті сезінуді үйренді. Бұл қасиеттер оның өмір жолында әрдайым бағыт-бағдар болып келеді.

Еңбек жолын Гүлнар Самарханқызы 19 жасынан бастап, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияда бастады. Кейін әртүрлі салада қызмет атқарып, бала тәрбиесімен айналысып, жаңа ортаға бейімделе жүріп, өмірдің сан қырлы белестерінен өтті. 2013 жылы агротехникалық колледж жатақханасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ал төрт жыл бұрын Референс-зертхана ұжымына қосылып, дәл осы ортада алғаш рет жұмысқа ерекше ықыласпен келетінін сезінді. Оның айтуынша, мұнда ұжымдағы жылы қарым-қатынас пен өз еңбегінің қажет екенін сезіну ерекше шабыт береді.

Бүгінде Гүлнар Самарханқызы Орталықтың шаруашылық бөліміне жауапты. Тазалық пен тәртіп, ғимараттардың жай-күйі, команданың үйлесімді жұмысы – барлығы оның тікелей бақылауында. Ұсақ жөндеуден бастап іс-шараларға дайындыққа дейінгі барлық өтінімдер осы кісінің үйлестіруімен жүзеге асады. Қай кілт қайда, нені жөндеу немесе ауыстыру қажет – бәрін жетік біледі. Оның жұмысында ұсақ-түйек болмайды: бір бұранда, бір шеге, тіпті ине мен жіптің өзі де маңызды, өйткені жайлылық дәл осындай ұсақ детальдардан құралады.

Оның қызметінде ұжым айрықша орын алады. Шаруашылық бөлімі мен кір жуу бөлімінің қызметкерлері – бір-біріне демеу болып, өзара түсіністікпен жұмыс істейтін ұйымшыл команда. Әріптестерінің оны әзіл-қалжыңмен әрі ықыласпен «мама Гуля» деп атауы да бекер емес. Бұл – оның қамқорлығының, тыңдай білетін қасиетінің және жұмыс орнында да үйдегідей жылылық қалыптастыра алатынының белгісі.

Гүлнар Самарханқызының пайымынша, жұмысшы мамандықтары көбіне көзге түсе бермегенімен, дәл солар мекеменің шынайы келбетін қалыптастырады. Тазалық, тәртіп, жайлы орта, бөлмелердегі гүлдер – мұның барлығы күнделікті тынымсыз еңбектің нәтижесі. Ол өзі де гүл өсіріп, кеңістікті көріктендіруге ерекше көңіл бөледі, себебі әр қызметкердің жұмысқа қуана келіп, өзін жайлы сезінуін қалайды.

Гүлнар Самарханқызының өмір жолы – алдыңғы қатарда көрінуге ұмтылмай-ақ, үлкен ұжымның үйлесімді жұмысына берік негіз қалайтын жандардың өмір жолы. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оның еңбегі бір ақиқатты айқын көрсетеді: ортақ істің табысты болуы дәл осындай жанашыр, жауапты адамдарға сүйенеді.