Шұжық өнімі – еттен жасалған өнім. Ол ет және етсіз ингредиенттер қоспасынан жасалып, шұжық қабығына, пакетке, формаға, торға немесе өзге де түрде қалыптастырылған, жылумен өңделген немесе тұтынуға дайын болғанға дейін жылумен өңделмеген ұсақталып дайындалған ет өнімі;
Шұжық өнімдері өндірістің санитарлық және технологиялық режимі бұзылған кезде немесе сапасы төмен шикізатты пайдаланған жағдайда, өнімнің органолептикалық көрсеткіштері стандарттар немесе технологиялық жағдайлар талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, сондай-ақ өнімдерді өндірудің санитарлық-гигиеналық және технологиялық режимдерінің сақталуын тексеру үшін мерзімді түрде микробиологиялық зерттеуге жатады.
Шұжықтардың жоғары сапасы - өндірістің техникалық режимдерін, шикізат сапасын, сату және сақтау шарттарын сақтауға тікелей байланысты. Сараптама бактериологиялық, физикалық-химиялық, органолептикалық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
Шығарылатын шұжық өнімдерінің әрбір партиясына техникалық бақылау жүргізіледі. Бұл ретте органолептикалық белгілер, оның ішінде өндірістік ақаулардың болуы және рецептуралық құрамның сақталуы тексеріледі.
Тексеру үшін сынамалар өнімнің әрбір біртекті партиясынан алынуы тиіс. Шұжық өнімдері мен ысталған өнімдер, егер олар бір түрге, сортқа, атауға қатысты болса, бір ауысым ішінде өндірілсе, технологиялық өңдеудің бірдей режиміне ұшыраса, біртекті партия болып саналады.