2026 жылғы 1-12 маусым аралығында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қызметкерлері ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы базасында біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Оқу бағдарламасы «Санитариялық-гигиеналық зертханадағы зертханалық іс» және «Радиациялық қауіпсіздік. Адам денсаулығына әртүрлі физикалық және радиологиялық факторлардың әсерін зертханалық зерттеу және талдау» тақырыптарын қамтыды.
Бағдарлама аясында тыңдаушылар теориялық білім алып, заманауи жоғары технологиялық аналитикалық кешендерді қолдану арқылы практикалық тағылымдамадан өтті. Олар зертханалық зерттеулер жүргізу бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдіріп, санитариялық-гигиеналық және радиологиялық бақылаудың озық әдістерімен танысты.
Сондай-ақ қатысушылар заманауи зертханалық технологияларды аграрлық ғылымды дамыту және адам денсаулығын қорғау бағытында қолдану мүмкіндіктерін зерделеді.
Аттестаттау қорытындысы бойынша қатысушыларға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталды. Сертификаттарды СЭСО директоры Гаухар Нусупбаева табыстап, ғылыми мекемелер мен практикалық денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.