Жылы мезгіл - тышқандар мен егеуқұйрықтардың белсенді көбейетін кезеңі. Бұл уақытта кеміргіштер ұя салып, жаңа аумақтарды игереді және ғимарат ішінде тұрақты қозғалыс бағыттарын қалыптастырады.
Медициналық орталықтың Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының маманы Олеся Негрийдің айтуынша, нысанда жаз мезгілінде тышқан немесе егеуқұйрықтардың пайда болуы мәселенің қазірдің өзінде бар екенін көрсетеді.
«Егер жылы маусымда кеміргіштердің бар екендігін білдіретін белгілер байқалса, шараны дереу қабылдау қажет. Дератизация жұмыстарын күзге қалдыру олардың санының тез көбеюіне алып келуі мүмкін. Бір жұп тышқан бір маусымда 50-60-қа дейін ұрпақ бере алады. Сондықтан зиянкестердің алғашқы белгілері анықталған сәттен бастап жедел әрекет ету маңызды», - деп атап өтті маман.
Кеміргіштер тек санитариялық тұрғыдан ғана емес, шаруашылық жағынан да қауіп төндіреді. Олар электр сымдарын, инженерлік коммуникацияларды, жылу оқшаулағыш материалдарды, жиһазды, әрлеу және құрылыс материалдарын зақымдауы мүмкін. Мұндай жағдайлар қосымша шығындарға әкеліп қана қоймай, кейде қысқа тұйықталу мен өрт сияқты төтенше жағдайларға себеп болуы ықтимал.
Санитариялық-эпидемиологиялық қауіптер де ерекше назар аударуды талап етеді. Тышқандар мен егеуқұйрықтар лептоспироз, туляремия, геморрагиялық қызба сияқты бірқатар инфекциялық аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Сонымен қатар олар азық-түлікті, қойма аумақтарын, өндірістік және жұмыс орындарын тіршілік әрекетінің қалдықтарымен ластайды.
Кеміргіштердің бар екенін нәжіс іздері, азық-түлік қаптамаларының бүлінуі, қабырға мен жабындар арасынан шығатын бөгде дыбыстар, электр сымдары, жиһаз және құрылыс конструкцияларындағы кеміру іздері, сондай-ақ жабық бөлмелердегі өзіне тән жағымсыз иіс арқылы байқауға болады. Тіпті бір ғана белгі анықталса да, оны назардан тыс қалдыруға болмайды, себебі бұл нысан ішінде кеміргіштер популяциясының қалыптаса бастағанын көрсетуі мүмкін.
Күз мезгілі жақындаған сайын жағдай күрделене түседі. Күннің салқындауы және қорек қорының азаюы салдарынан кеміргіштер жылы орындарды паналауға ұмтылады. Егер осы уақытқа дейін нысанда олардың популяциясы қалыптасып үлгерсе, зиянкестер саны күрт артуы мүмкін.
Алдын алу мақсатында мамандар ғимараттың жағдайын алдын ала тексеріп, қабырғалардағы, іргетастағы және есік ойықтарындағы саңылаулар мен тесіктерді бітеуді, желдету арналарына металл тор орнатуды, азық-түлік пен қалдықтарды дұрыс сақтауды, сондай-ақ үй-жайлар мен оған іргелес аумақты тұрақты түрде тазалап отыруды ұсынады. Әсіресе жертөле, қойма, техникалық және қосалқы бөлмелерге ерекше көңіл бөлген жөн.
Уақтылы жүргізілген профилактикалық және дератизациялық шаралар зиянкестер санының артуына жол бермеуге, санитариялық-эпидемиологиялық қауіптерді төмендетуге, мүлікті сақтауға және нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тиімді профилактиканың басты қағидаты - кеміргіштер санының маусымдық көбеюін күтпей, алдын ала әрекет ету.