Дезинфекциялық құралдар медициналық, мектепке дейінгі, коммуналдық және тағам өнімдерімен жұмыс істейтін нысандарда күнделікті қолданылады. Оларды дұрыс дайындау, сақтау және қолдану дезинфекциялық іс-шаралардың тиімділігіне, сондай-ақ инфекциялардың, оның ішінде медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алуға тікелей әсер етеді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары Астана медицина университетінің өкілімен бірлесіп, әртүрлі нысандарда қолданылатын дезинфекциялық құралдардың тиімділігін бағалауға арналған зерттеу ұсынды.
Жұмыста ҚР ПІБ МO СЭСО токсикология зертханасының 2024-2025 жылдардағы деректері пайдаланылды. Барлығы әсер етуші заттардың пайыздық мөлшеріне сәйкестігін анықтау мақсатында дезинфекциялық құралдардың 48 атауы талданды. Сынамалар Астана қаласындағы түрлі нысандардан, оның ішінде емдеу-профилактикалық ұйымдардан, балалардың мектепке дейінгі мекемелерінен, коммуналдық және тағам объектілерінен алынды.
Зертханалық зерттеулер нәтижесі бойынша 2024 жылы 1088 сынама алынып, оның 232-сінде әсер етуші заттардың пайыздық мөлшері бойынша сәйкессіздік анықталды. Бұл зерттелген сынамалардың жалпы санының 21,32%-ын құрады.
2025 жылы алынған сынамалар саны 2105-ке жетті. Оның ішінде 384 сынамада сәйкессіздік анықталып, бұл көрсеткіш 18,24%-ды құрады.
Зерттеуде хлор құрамды препараттарға ерекше назар аударылды. Талдау нәтижелері зерттелген 48 құралдың 13-інде белсенді хлор мөлшерінің төмен екенін көрсетті. Мұндай ауытқулар дезинфекцияның тиімділігін төмендетіп, қажетті залалсыздандыру деңгейін қамтамасыз етпеуі мүмкін.
Сәйкессіздіктердің ең көп бөлігі емдеу-профилактикалық ұйымдар мен балалардың мектепке дейінгі мекемелерінде анықталды. Зерттеу деректеріне сәйкес, емдеу-профилактикалық ұйымдардағы сәйкессіздіктер үлесі 65,84%-ды, балалардың мектепке дейінгі мекемелерінде 23,6%-ды, тағам объектілерінде 8,7%-ды, коммуналдық нысандарда 1,86%-ды құрады.
Анықталған сәйкессіздіктер әртүрлі факторларға байланысты болуы мүмкін. Олардың қатарында жұмыс ерітіндісінің концентрациясын дұрыс сақтамау, экспозиция уақытын бұзу, сақтау талаптарын орындамау, жарықтың, температуралық режимнің әсері немесе жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі бар.
Зерттеу авторлары атап өткендей, дезинфекциялық құралдардың сапасын бақылау беткейлерде патогенді микрофлораның сақталып қалуының алдын алу және эпидемиологиялық тәуекелдерді төмендету үшін аса маңызды.
Алынған нәтижелер дезинфекциялық құралдарға тұрақты зертханалық мониторинг жүргізу қажеттігін көрсетеді. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандар үшін өзекті. Мұндай бақылау ауытқуларды уақтылы анықтауға, дезинфекциялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға және пациенттер, персонал мен келушілер үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
*Материалға Нусупбаева Г. Е., Омарғалиева Н. Қ., Жаникулова С. А. және Бурумбаева М. Б. ұсынған зерттеу нәтижелері негіз болды.
Авторлардың ұйымдары: Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы», Астана қаласы, Қазақстан; «Астана медицина университеті» КеАҚ эпидемиология және биостатистика кафедрасы, Астана қаласы, Қазақстан.