Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын әлемде холераны жұқтырудың 1,3 миллионнан 4,0 миллионға дейін жағдайы тіркеледі. Оның ішінде 21 000-143 000 жағдай өліммен аяқталады. Холера қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті қауіптердің бірі болып қала береді. Әсіресе санитариялық талаптар бұзылған, қауіпсіз ауызсуға қолжетімділік шектеулі және жеке гигиена ережелері сақталмаған жағдайда инфекцияның таралу қаупі артады.
Холера - Vibrio cholerae бактериясы қоздыратын жіті ішек инфекциясы. Ауру көбіне ластанған су немесе тағам арқылы жұғады. Холера өте тез өршуі мүмкін, сондықтан алғашқы белгілер пайда болған кезде медициналық көмекке уақтылы жүгіну және емді кешіктірмеу аса маңызды.
Холераны анықтау және зертханалық растау ісінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар референс-зертханасы маңызды рөл атқарады. Мұнда холера қоздырғышын анықтауға және клиникалық жағдайларды растауға бағытталған зерттеулердің толық спектрі жүргізіледі.
Зертханалық диагностика Vibrio cholerae бактериясының бар-жоғын нақты анықтауға, қоздырғышты сәйкестендіруге және эпидемиологиялық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер инфекцияға уақтылы әрекет ету, оның таралуының алдын алу және профилактикалық шараларды қабылдау үшін маңызды.
«Біз тек зертханалық растау жүргізіп қана қоймаймыз. Біздің міндетіміз - қоздырғышты уақтылы анықтау, ықтимал эпидемиологиялық тәуекелдерді бағалау және санитариялық-эпидемиологиялық шаралар қабылдау үшін сенімді деректер ұсыну», - деп атап өтті СЭСО аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасының меңгерушісі Сания Сарсенғалиева.
Холераның негізгі белгілеріне қатты сулы іш өту, құсу және ағзаның тез сусыздануы жатады. Сұйықтықтың қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде жоғалуы аса қауіпті. Сондықтан ауруға күдік туындаған жағдайда өзін-өзі емдеуге немесе дәрігерге жүгінуді кейінге қалдыруға болмайды.
Мамандар холераның алдын алу қарапайым, бірақ маңызды санитариялық ережелерді сақтаудан басталатынын еске салады. Тек қауіпсіз ауызсуды пайдалану, қолды мұқият жуу, тағамды дайындау және сақтау кезінде тазалық сақтау, өнімдерді, әсіресе теңіз өнімдерін жақсылап қайнату немесе қуыру қажет. Сондай-ақ күмәнді көздерден алынған су мен мұзды пайдаланудан бас тартқан жөн.
Жаз мезгілінде және ашық су айдындарында шомылу кезінде суды жұтып қоюдан сақтану қажет. Фонтандардан, өзендерден, көлдерден және басқа да тексерілмеген көздерден су ішу ұсынылмайды. Ішу үшін бөтелкедегі, қайнатылған немесе қауіпсіздігі расталған суды қолданған дұрыс.
Жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда қосымша түрде ауыз арқылы қабылданатын холераға қарсы вакцина қолданылуы мүмкін. Алайда вакцинация негізгі профилактикалық шаралардың орнын алмастырмайды. Қауіпсіз суға қолжетімділік, жеке гигиена және санитариялық нормаларды сақтау әрдайым басты қорғаныс шаралары болып қала береді.
Кешенді тәсіл, яғни заманауи зертханалық диагностика, санитариялық бақылау және профилактикалық шаралардың үйлесімі холераның таралу қаупін төмендетуге және халық денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.