Маса шаққанда көбіне тері қызарып, ісініп, қышиды. Алайда масалардың кейбір түрлері жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Сондықтан олардың белсенділігі артатын маусымда жеке қорғану шараларын сақтау ерекше маңызды.
Маса шаққан кезде теріге қанның ұюына кедергі келтіретін заттары бар сілекейін енгізеді. Адамның иммундық жүйесі оған жауап ретінде гистамин бөледі. Соның нәтижесінде шаққан жер қызарып, ісініп, қышиды.
Батыс Ніл қызбасы - жұқтырылған масалардың, көбіне Culex туысына жататын түрлерінің шағуы арқылы таралатын вирустық инфекция. Вирустың табиғи резервуары негізінен құстар болып табылады.
Жұқтырған адамдардың шамамен 80%-ында ауру белгілері байқалмайды. Ал шамамен 20%-ында дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың ауыруы, жүрек айнуы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Жағдайлардың 1%-дан азында жүйке жүйесінің зақымдануымен байланысты ауыр асқынулар дамуы ықтимал.
Қазіргі уақытта Батыс Ніл қызбасына қарсы адамдарға арналған арнайы вирусқа қарсы ем де, вакцина да жоқ. Қазақстан аумағында инфекцияны таратуға қатысуы мүмкін маса түрлері кездесетіндіктен, эпидемиологиялық сақтықты сақтау маңызды.
Масалар басқа да бірқатар ауруларды тарата алады. Олардың қатарында:
безгек - дене қызуының ұстамалы көтерілуімен сипатталатын паразиттік ауру;
денге қызбасы - жоғары температурамен және дененің сырқырауымен өтетін вирустық инфекция; чикунгунья - буындардың қатты ауыруымен сипатталатын вирустық ауру; сары қызба - оған қарсы тиімді вакцина бар вирустық инфекция; дирофиляриоз - паразиттік ауру, адам ағзасында көбіне тері астындағы зақымданулар түрінде көрінуі мүмкін.
«Маса шағуынан қорғану - тек жайлылық мәселесі емес, жұқпалы аурулардың алдын алудың маңызды шараларының бірі. Жаппай індеттер тіркелмеген күннің өзінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау және жәндіктердің санын бақылауда ұстау қажет», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы Дератизация, дезинсекция және дезинфекция бөлімінің меңгерушісі Олеся Негрий.
Маманның айтуынша, тиімді қорғаныс кешенді тәсілді қажет етеді. Оған репелленттерді қолдану, денені барынша жабатын киім кию, терезелер мен есіктерге москиттік тор орнату, аулада және үй маңында тұрып қалған суды уақытылы жою, қажет болған жағдайда дезинсекциялық өңдеу жүргізу жатады.
Маса шағуының басым бөлігі денсаулыққа елеулі қауіп төндірмейді. Дегенмен жұқпалы аурулардың таралу қаупін толық жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан масалардың санын бақылау және олардың шағуынан қорғану денсаулықты сақтаудың маңызды бөлігі болып табылады.
Маса шағуы - тек қышу емес. Алдын алу шараларын сақтау ықтимал қауіптің алдын алуға көмектеседі.