Бала мектеп формасын күн сайын алты-сегіз сағат киеді, сондықтан оның қауіпсіздігі тек сыртқы көрінісіне ғана емес, баланың денсаулығына да тікелей қатысты мәселе болып табылады. Мата терімен үздіксіз жанасады, тер мен үйкелістің әсеріне ұшырайды, жиі жуылады, ал сапасыз немесе дұрыс таңбаланбаған материалдардың қолданылуы теріде қышыну мен жалпы қолайсыздық тудыруы мүмкін. Еуразия экономикалық одағы аясында мұндай өнімнің қауіпсіздігі «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» ТР ТС 007/2011 техникалық регламентімен, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өніміне қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін ТР ТС 017/2011 регламентімен реттеледі.
Мектеп формасының сапасын анықтайтын алғашқы көрсеткіштердің бірі - мата құрамы. Бұйым жапсырмасында үстіңгі материал мен астарда қолданылған табиғи және химиялық талшықтардың түрі мен пайыздық үлесі көрсетілуі тиіс. Күнделікті киюге арналған форма үшін ауа өткізгіш материалдарға - мақтаға, зығырға, жүнге және сапалы аралас маталарға артықшылық берген жөн, өйткені олар оқу күні бойы теріге қалыпты ауа алмасуын қамтамасыз етіп, оның «дем алуына» мүмкіндік береді.
Бұйымның таңбалануы да назардан тыс қалмауы тиіс маңызды элемент. Жапсырма анық әрі оқуға ыңғайлы болуы, онда бұйымның атауы, дайындалған елі, өндіруші туралы мәліметтер, өлшемі, шикізат құрамы, дайындалған күні, күтім ережелері, сондай-ақ өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын EAC белгісі көрсетілуі қажет. Сатып алушы бұйымның белгіленген нормаларға сәйкестігін растайтын құжаттарды сатушыдан сұрап алуға толық құқылы.
Жаңа мектеп формасының иісі де ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе. Форманың өткір, жағымсыз немесе әдеттен тыс химиялық иісі - сақтанудың елеулі себебі, себебі бұл матаны бояу немесе өңдеу барысында қалдырылған заттардың қалдығымен байланысты болуы мүмкін. ҚР ПІБ МО "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының" токсикология зертханасының маманы Салтанат Биназарова атап өткендей, мұндай иіс шынымен де зиянды заттардың, атап айтқанда формальдегидтің қалдық мөлшерін көрсетуі мүмкін. Дегенмен, бұйымның қауіпсіздігі туралы қорытындыны тек иіске қарап жасауға болмайды: иістің болмауы өнімнің қауіпсіз екенін толық кепілдендірмейді, ал оның болуы әрдайым нормалардың бұзылғанын білдірмейді. Дәл әрі дұрыс жауапты тек зертханалық зерттеу ғана бере алады.
Ата-аналарға мектеп формасын таңдау кезінде оны жан-жақты бағалауды ұсынамыз: құрамы, таңбалануы, иісі, сапасы және киюге ыңғайлылығы бір-бірімен өзара байланыста қаралуы тиіс. Сонымен қатар баланың өз сезіміне де мән беру маңызды - жаңа киімде оған қолайлы ма, ол терлеуге, үйкелуге немесе қышынуға әкеп соқтырмай ма, ал маталың өзі бір қалыпты түсті, дақсыз және сызаттарсыз болуы тиіс. Осылайша, мектеп формасын дұрыс таңдау оның түсі мен пішінінен емес, жапсырманы мұқият зерделеп, аталған факторлардың барлығын парасатты бағалаудан басталады.