Басты бет
›
Жарқын қаптаманың ар жағында: мектеп кеңсе тауарлары қаншалықты қауіпсіз?
Жарқын қаптаманың ар жағында: мектеп кеңсе тауарлары қаншалықты қауіпсіз?
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар дәптер, қалам, ермексаз, бояу және басқа да кеңсе тауарларын сатып алады. Көп жағдайда таңдау жарқын қаптамаға, әдемі түске немесе қолайлы бағаға қарап жасалады. Ал өнімнің химиялық құрамы, қағаз сапасы немесе қалам қақпағының құрылымы назардан тыс қалып жатады.
Алайда бала кеңсе тауарларымен күн сайын тікелей байланыста болады: оларды қолына ұстайды, кейде аузына салады, желім мен маркердің иісін жұтады, дәптер беттеріне ұзақ уақыт қарайды. Сондықтан әр өнім санатының өзіндік қауіптері бар. Ермексаз, бояу мен фломастерлерде негізгі назар химиялық құрамға аударылса, дәптерлерде қағаз сапасы маңызды. Шамадан тыс жылтыр немесе тым ақ қағаз жарықты шағылыстырып, көзге қосымша күш түсіруі мүмкін. Қалам мен қарындаштар үшін механикалық қауіпсіздік, ал желім мен түзеткіш құралдар үшін еріткіш буларын жұту қаупі өзекті.
Мұндай қауіптерді сыртқы көрінісіне қарап анықтау мүмкін емес. Мәселен, қанық неон түстері стандартқа сай келмейтін бояғыштардың қолданылуымен байланысты болуы ықтимал, ал өткір немесе тым тәтті иіс балаларға арналған өнімдерде қолдануға арналмаған еріткіштердің бар екенін көрсетуі мүмкін.
Қазақстанды қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде мектепке арналған жазу және кеңсе құралдарының қауіпсіздігі ТР ТС 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Құжатта қаламдар, маркерлер, сызғыштар, қарындаштар, өшіргіштер, дәптерлер, күнделіктер мен қылқаламдар кеңсе тауарларының қатарына жатқызылып, олардың химиялық, биологиялық, механикалық және термиялық қауіпсіздығына нақты талаптар белгіленген. Сонымен қатар дәптер өндірісінде газет қағазы мен жылтыр қағазды пайдалануға жол берілмейді.
Сапалы кеңсе тауарларының қаптамасында CE белгісі, EN 71 стандарты, соның ішінде қорғасын, сынап, мышьяк және кадмий сияқты ауыр металдардың көшу деңгейін шектейтін EN 71-3 стандарты немесе америкалық AP сертификаты кездесуі мүмкін. Бұл белгілер өнімнің белгілі бір бағалау немесе сынақ рәсімдерінен өткенін көрсетеді, алайда оларды қауіпсіздіктің абсолютті кепілі ретінде қабылдауға болмайды.
Лабораториялық сараптама тұтынушының көзіне көрінбейтін көрсеткіштерді бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында бояулардың, ермексаз бен желімнің химиялық құрамы және зиянды заттардың бөліну деңгейі анықталады. Сондай-ақ қағаздың ақтығы бағаланып, жарықты шағылыстыратын жабындардың болмауы тексеріледі. Қағаз ақтығының көзге қолайлы деңгейі көбіне 70–85% аралығы ретінде қарастырылады.
Қалам қақпақтарының қауіпсіздігіне де ерекше мән беріледі. ISO 11540 стандартына сәйкес, кейбір қалам қақпақтарында бала оны байқаусызда жұтып қойған жағдайда ауа өтуін қамтамасыз ететін арнайы желдеткіш саңылаулар қарастырылады. Сонымен бірге пластик бөлшектердің беріктігі мен механикалық төзімділігі тексеріледі.
Мұндай зерттеулер үшін химиялық құрамды талдау, қағаздың ақтық деңгейін фотометриялық өлшеу және механикалық беріктікке сынақ жүргізу әдістері қолданылады. Бұл жерде өлшеудің дәлдігі ерекше маңызды. Өйткені бала бір қаламды немесе дәптерді бірнеше ай бойы тұрақты пайдалануы мүмкін. Зиянды заттардың нормативтен аз ғана артық болуы немесе қағаздың шамадан тыс жарықтығы бірден байқалмауы ықтимал, бірақ ұзақ уақыт бойы тұрақты әсер туғызады. Сондықтан өнім қауіпсіздігін сыртқы бағалау емес, объективті зертханалық өлшемдер ғана нақты растай алады.
ТР ТС 007/2011 талаптарына сәйкес сәйкестікті растау жүйесі өнім дүкен сөресіне түспей тұрып-ақ қауіпсіздік тосқауылы ретінде жұмыс істейді. Өндіруші өнім үлгілерін сынақтан өткізіп, оның белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға міндетті.
Сонымен қатар сатып алушының өзі де тәуекелді азайта алады. Өнімнің иісіне назар аудару, құрамын және таңбалануын мұқият оқу, пластик бөлшектерінің беріктігін тексеру, шамадан тыс қанық «қышқыл» түстерден сақ болған жөн.
ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы өнім қауіпсіздігін нормаланатын көрсеткіштер бойынша объективті бағалауға мүмкіндік беретін заманауи зертханалық базаға ие. Кеңсе тауарларына қатысты бұл олардың техникалық регламент талаптарына сәйкестігін көзбен емес, аспаптық және зертханалық әдістер арқылы растауға мүмкіндік береді.
Мектеп кеңсе тауарларының қауіпсіздігі әр отбасы үшін маңызды. Сатып алу кезінде таңбалануға мұқият қарау мен объективті зертханалық бақылау бірін-бірі толықтырады: біріншісі тұтынушыға дұрыс таңдау жасауға көмектессе, екіншісі қауіпті өнімнің дүкен сөресіне жетуіне дейін жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді.