ҚР ПІБ МО «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында» «Су матрицаларының биологиялық қауіпсіздігі» тақырыбында бірлескен халықаралық семинар-тренинг өтті. Іс-шара IDEXX компаниясының суды микробиологиялық талдаудағы инновациялық технологияларына арналды.
Семинарға Ұлттық сараптама орталығының, «Гигиенист» ЖШС, «Астана Су Арнасы», «Водные ресурсы» ЖШС, «Визит» алкогольсіз сусындар зауытының, «Лабор Фарма» ЖШС, «Медитек НС» ЖШС, «НовоЛаб» ЖШС және басқа да ұйымдардың зертхана мамандары қатысты.
Семинар барысында қатысушылар суды микробиологиялық талдауға арналған IDEXX-тің заманауи экспресс-жабдығымен, оны қолдану ерекшеліктерімен, артықшылықтарымен және зертханалық тәжірибеде пайдалану мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ IDEXX-тің инновациялық тест-жүйелері таныстырылып, бұл технологияны енгізудің халықаралық тәжірибесі талқыланды.
Практикалық бөлімге ерекше мән берілді. Қатысушылар экспресс-жабдықтың жұмысын тікелей көріп, судың микробиологиялық көрсеткіштерін сапалық және сандық талдау әдістерін меңгерді.
Семинар-тренинг практикалық дағдыларды қалыптастыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және су сапасы мен қауіпсіздігін зертханалық зерттеудің заманауи технологиялық шешімдерімен танысуға тиімді алаңға айналды.