Басты бет › Сумен жабдықтау жүйелерінде қолданылатын материалдардың теріге әсері не үшін зерттеледі

Сумен жабдықтау жүйелерінде қолданылатын материалдардың теріге әсері не үшін зерттеледі

Сумен жабдықтау жүйелерінде қолданылатын материалдардың теріге әсері не үшін зерттеледі

Судың сапасы мен қауіпсіздігі оны тазарту тиімділігіне ғана емес, тұтынушыға жеткенге дейін жанасатын материалдарға да байланысты. Сумен жабдықтау жүйелерінің құрамындағы кейбір химиялық заттар суға өтіп, адам ағзасына қолайсыз әсер етуі мүмкін. Осындай ықтимал қауіптерді бағалауға Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында жүргізілетін токсикологиялық зерттеулер мүмкіндік береді.

Тұтынушыға жеткенге дейін су сумен жабдықтау жүйелерінің әртүрлі материалдары мен құрылымдық элементтерімен жанасады. Олардың қатарында құбырлар, су шүмектері, ыдыстар, полимерлі және металл бұйымдар, ішкі жабындар мен тығыздағыштар бар. Сумен жанасу барысында аталған материалдардың құрамынан судың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін химиялық заттар бөлінуі ықтимал.

Суды тазарту және дайындау жүйелерінде қолданылатын материалдар мен жабдықтардың гигиеналық қауіпсіздігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі - олардың су сығындыларының теріні тітіркендірмеуі.

Теріні тітіркендіру әсері - химиялық заттардың терімен тікелей жанасуы кезінде жергілікті қабыну реакциясын тудыру қабілеті. Материалдардан суға өтетін кейбір компоненттер терінің табиғи қорғаныш қабатын бұзып, оның қызаруына, ісінуіне, құрғауына, қабыршақтануына және сезімталдығының артуына себеп болуы мүмкін. Мұндай реакциялардың айқындылығы су сығындысының химиялық құрамына, ондағы заттардың концентрациясына және терімен жанасу ұзақтығына байланысты.

Сондықтан сумен жабдықтау жүйелерінде қолданылатын материалдар мен жабдықтардың қауіпсіздігін бағалауда токсикологиялық зерттеулер маңызды рөл атқарады.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының токсикология зертханасында суды тазарту және дайындау жүйелерінде қолдануға арналған материалдар мен жабдықтардың су сығындылары зерттеледі. Токсикологиялық зерттеулер барысында терідегі жергілікті реакциялардың пайда болуы мен олардың айқындылық дәрежесі бағаланады. Алынған нәтижелер талданып, зерттелетін су сығындыларының теріні тітіркендіру әсерінің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытынды жасалады.

Сонымен қатар мамандар теріні тітіркендіру әсерінің болмауы өнімнің толық қауіпсіз екенін білдірмейтінін атап өтеді. Бұл көрсеткіш химиялық, физикалық-химиялық және жалпы токсикологиялық зерттеулердің, сондай-ақ аллергендік және мутагендік қасиеттерді анықтауға бағытталған зерттеулердің нәтижелерімен кешенді түрде бағаланады.

Орталықтың токсикология зертханасының меңгерушісі Назым Омарғалиеваның айтуынша, алынған зерттеу нәтижелерінің жиынтығы ғана материалдардың адам денсаулығы үшін қауіпсіздігін объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Мұндай зерттеулер өнімнің санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкестігін анықтау үшін ғана емес, химиялық заттардың адам ағзасына әсер етуінен туындайтын ықтимал қауіптердің алдын алу үшін де маңызды.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының заманауи зертханалық мүмкіндіктері мен мамандарының жоғары біліктілігі суды тазарту және дайындау жүйелерінде қолданылатын материалдар мен жабдықтарға кешенді токсикологиялық-гигиеналық бағалау жүргізуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері судың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халық денсаулығына төнетін ықтимал қауіптердің алдын алуға ықпал етеді.