Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында шарап өндірушілер мен алкоголь өнімдерін жеткізушілердің қатысуымен кездесу өтті. Жиында алкоголь өнімдерін фальсификациялауға қарсы күрес және оның сапасын арттыру жолдары басты назарға алынды.
Кездесудің маңызды бөлігінде заманауи технологияларды, атап айтқанда, тұрақты изотоптар қатынасын анықтау әдісін енгізу мәселесі талқыланды. Бұл әдіс өндірісте қолданылатын шикізаттың шығу тегін дәл анықтап, қымбат компоненттердің арзан баламалармен алмастырылғанын анықтауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында зертхана мамандары Delta Q изотоптық масс-спектрометрі сияқты заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен изотоптық талдаудың мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл әдістер халықаралық стандарттарға, соның ішінде ГОСТ 32710 талаптарына толық сай келеді және жалған өнімдерді анықтауда жоғары тиімділігін дәлелдеді.
«Изотоптық талдау нәтижелері өнімнің тек құрамын ғана емес, оның өндірісінде қолданылған судың табиғатын да анықтайды. Бұл, әсіресе, шарап пен сусло сияқты өнімдерге суды қосу арқылы жасалатын жалғандықты анықтау үшін аса маңызды. Егер ұлттық үлгілердің кең базасы құрылса, бұл әдіс өнімнің географиялық шығу тегін анықтауға да мүмкіндік береді», – деді зертхана мамандары.
Жиында жүзім дистилляттарының өзге спирттермен алмастырылуы сияқты өзекті мәселелер де көтерілді. Мұндай әрекеттер адал өндірушілердің беделін түсіріп, тұтынушылардың сеніміне селкеу түсіреді. Сонымен бірге, алкоголь өнімдерін фальсификациялау тек экономикалық шығынға ғана емес, тұтынушылардың денсаулығына да елеулі қауіп төндіретіні ерекше атап өтілді.
«Изотоптық талдау сияқты заманауи әдістер фальсификациямен күресте үлкен серпіліс береді. Олар өнімнің сапасын объективті түрде дәлелдеп, адал өндірушілердің беделін нығайтуға септігін тигізеді», – деп қорытындылады сарапшылар.
Кездесу нәтижесінде қатысушылар алкоголь өнімдерін өндіру сапасы мен ашықтығын арттыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ өндірушілерге арналған оқыту семинарларын өткізіп, заманауи бақылау әдістері мен фальсификацияға қарсы күрес тәсілдерін кеңінен түсіндіру жоспарланды.