



Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертхана Алматы облысында орналасқан «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік алаңында көшпелі оқыту семинарын ұйымдастырды. Орталық Азиядағы балмұздақ өндірісінің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының бірі саналатын компания ұжымына арналған бұл семинар тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және уланудың алдын алуға бағытталған халықаралық үздік тәжірибелерді ендіруге арналды. Өйткені бұл – бүгінгі таңда кез келген заманауи өндірістің өзегіне айналған міндет.
«Шин-Лайн» компаниясы — тек тамақ өнеркәсібінің көшбасшысы ғана емес, сонымен қатар шетел нарығына белсенді түрде еніп, өнім жеткізетін аумағын үнемі кеңейтіп келе жатқан беделді бренд. Осы компания үшін Референс-зертхананың директоры Сауле Файзоллақызы Шарипова тағам өнімдерінде туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді анықтап, оларды бағалау бағытында нақты практикалық жағдайларды қамтитын арнайы оқу бағдарламасын әзірледі. Өндірістің әрбір кезеңінде — шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейін — санитариялық талаптарды бұлжытпай сақтау эпидемиологиялық тұрғыдан маңызы жоғары өнімдерді өндірумен тығыз байланысты. Оқыту барысында кәсіпорынның технологиялық үдерісі мен НАССР жүйесі негізінде бірнеше үлгілік модель ұсынылды. Сонымен қатар, зертханалық талдауларға сүйене отырып, өндірістік бақылаудың арнайы бағдарламасы әзірленді. Мұндай кешенді тәсіл өндіріс барысында туындауы мүмкін қауіптерді дер кезінде анықтап, тұтынушылардың денсаулығына төнетін қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Семинарға қатысушылар оқыту форматын жоғары бағалап, нақты практикалық мысалдар мен маманмен еркін пікір алмасуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл оқу санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік — тек ресми талап қана емес, әрбір қызметкердің күнделікті жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте еске салды.
Референс-зертхана мен «Шин-Лайн» компаниясы арасындағы серіктестік жуырда ғана басталса да, екі тараптың арасындағы кәсіби сенім мен өзара әрекеттестік жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Бұл оқыту — халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай тәсіл өндірістегі ішкі қауіпсіздік мәдениетін нығайтып қана қоймай, тұтынушылардың брендке деген сенімін арттырады. Себебі ол — жауапкершілікке, білімге және ашықтыққа негізделген.
Референс-зертхана үшін мұндай жобалар кәсіби миссияның өзегі болып табылады: бизнеске қауіпсіздікті арттыруға, халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуге қолдау көрсету — басты мақсаттың бірі.