




Тағам қауіпсіздігі — жай ғана дастарханға қойылған ас емес, ол әлдеқайда бұрын басталатын, жүйелі әрі күрделі үдеріс. Бұл — шикізаттың сапасынан бастап, дайын өнімнің шығарылуы мен сақталуына дейінгі барлық кезеңдерді қалтқысыз бақылауда ұстайтын мамандардың, сарапшылар мен өндіріс өкілдерінің бірлескен еңбегінің жемісі. Мұндай жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін сала мамандары күш біріктіріп, әлемдік озық тәжірибеге арқа сүйеуі — уақыт талабы әрі басты шарт.
Осы өзекті мәселе төңірегінде «Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық аспектілері» атты семинар өтті. Іс-шара Алматы облысындағы тағам өндірісі базасында ұйымдастырылып, отандық өндіріс өкілдерінің халықаралық тәжірибемен тікелей танысуына мүмкіндік берді. Семинарды Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертхана мен «Шин-Лайн» компаниясы бірлесе өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты — тағам қауіпсіздігі саласындағы халықаралық озық тәжірибелермен танысу және оларды Қазақстандағы өндірістік үдерістерге тиімді бейімдеу жолдарын қарастыру болды.
Іс-шара барысында бірқатар беделді мамандар мен сала сарапшылары мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Дублин технологиялық университетінің оқытушысы Сара Бойд, Кодекс Алиментариустың ұлттық үйлестірушісі, профессор Нейля Карсыбекова, Референс-зертхананың директоры Сәуле Шарипова, «Шин-Лайн» директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Докин, зертхананың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Сандуғаш Мұқажанова және санитариялық дәрігер Досжан Лес өз ой-пікірлерімен, тәжірибелерімен бөлісті.
Шара қатысушылары тағам қауіпсіздігі енді тек Кәсіпорын ішіндегі стандарттармен шектелмейтінін, ол тұтынушы сеніміне және өндіріс ашықтығына негізделген жаһандық жүйенің бір бөлшегіне айналғанын атап өтті. Қазақстан бұл тұрғыда халықаралық тәжірибелермен, соның ішінде Кодекс Алиментариус талаптарымен үндесуге бет алып келеді. Бұл — өнім қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге және адам денсаулығына төнетін қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді.
Семинар барысында ерекше көңіл бөлінген негізгі мәселелердің қатарында — өнімнің қолдан жасалуын (фальсификацияны) анықтау және алдын алу, шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын кешенді бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық тәжірибені тиімді пайдалану арқылы отандық өндірістегі тағам қауіпсіздігі жүйесін одан әрі жетілдіру болды.
Іс-шараға тағам өндірісі кәсіпорындарының, қоғамдық тамақтану орындарының, зертханалардың, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, семинарға Алматы, Жамбыл және Алматы облыстарынан келген сала мамандары да қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Семинар соңында қатысушылар «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік желісін аралап, сапа мен қауіпсіздік жүйелерінің өндіріс барысында нақты қалай жүзеге асырылатынына көз жеткізді.
«Тағам қауіпсіздігі — бұл тек санитариялық талаптар мен нормативтерді сақтау ғана емес. Бұл — біздің өнімімізді таңдаған әрбір тұтынушы алдындағы күнделікті жауапкершілік. Осындай шаралар бизнестің және сала мамандарының күшін біріктіріп, сапа мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың негіз қалайды», — деп атап өтті Референс-зертхананың өкілдері.
Семинар тағам қауіпсіздігі саласындағы кәсіби диалог пен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды. Бұл саладағы табысты жұмыс — үздіксіз оқытуды, бірлескен әрекетті және үнемі жетілдіруді талап ететін ұзақ мерзімді процесс екені тағы бір мәрте дәлелденді.