




Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарындағы санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуде. Осы тақырып аясында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында «Мектеп оқушылары арасындағы аурулардың алдын алу» атты семинар өтіп, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін ұйымдардан келген 78 маман бас қосты.
Іс-шараны мекеме директоры Сауле Шарипова ашып, оқу үдерісімен тікелей байланысты жиі кездесетін соматикалық аурулардың негізгі себептерін жан-жақты түсіндірді. Ол мектеп оқушылары арасында кең таралған дерттерге әсер ететін басты факторлар ретінде көру қабілетінің нашарлауы, тірек-қимыл жүйесінің бұзылуы және ас қорыту мүшелерінің ауруларын атап өтті. Сонымен қатар, тағамдық уланудың алдын алу, оқушылардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету мәселелері көтеріліп, білім беру ұйымдарында ас мәзірін ұйымдастыруда жүйелі және ғылыми негізделген тәсілдің маңыздылығы айрықша атап өтілді.
Талқылау барысында өндірістік бақылаудың қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудағы рөлі жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар жиһаздың оқушы бойы мен жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, күз-қыс айларындағы жарықтандыру деңгейінің көру қабілетіне әсері, тағам құрамындағы ықтимал аллергендер мен ГМО-ның болуы, өнімдердің қолдан жасалуы сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, мектептерде дератизация мен дезинсекция жүргізудің қажеттілігі де назардан тыс қалмады.
Семинар барысында қатысушыларға өндірістік бақылау мен мектеп асханаларын ұйымдастыруды реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттар таныстырылды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында тиісті бағдарламаларды әзірлеу бойынша кезең-кезеңімен орындалатын ұсынымдар берілді. Оған тексерілуге жататын нысандар тізімі мен зертханалық сүйемелдеу тәртібі де енгізілді.
Референс-зертхана мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибеге бағытталған өзекті тақырыптар бойынша семинарлар өткізу арқылы сапалы білім беру ісіне елеулі үлес қосып келеді.