Басты бетҚызылша: қазіргі кезеңдегі клиникалық қауіп-қатерлері, асқынулары және вакцинацияның маңызы

Қызылша: қазіргі кезеңдегі клиникалық қауіп-қатерлері, асқынулары және вакцинацияның маңызы

Қызылша: қазіргі кезеңдегі клиникалық қауіп-қатерлері, асқынулары және вакцинацияның маңызы

ҚызылшаParamyxoviridae тұқымдастығына жататын вирус қоздыратын аса жұқпалы инфекциялық ауру. Ауру ауа-тамшылы жолмен таралады: жөтелу, түшкіру және сөйлесу барысында бөлінген вирус қоршаған ортаға тарап, ауада және заттардың бетінде 2 сағатқа дейін сақтала алады. Жұқпалылық деңгейі өте жоғары — вакцина алмаған адамдардың 90%-ға жуығы науқаспен байланыс кезінде инфекцияны жұқтырады. Тиімді вакцина бар екеніне қарамастан, Қазақстанда қызылша деректері әлі де тіркеліп отыр, соның ішінде стационарлық ем қабылдаған балалар арасында да кездеседі.

2025 жылғы №3 МҚБД мәліметтері бойынша, «қызылша» диагнозымен ем қабылдаған балалардың 89,2%-ы вакцинацияланбаған. Ұқсас ахуал көкжөтел бойынша да байқалады: госпитализацияланған науқастардың 90%-ы екпе алмаған. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі ұйымдастырылмаған балалар қатарына жатады (қызылша жағдайында — 76%-ға дейін). Бұл профилактикалық екпемен қамтудың жеткіліксіздігін және иммундау болмаған жағдайда аурудың ауыр өту қаупі айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді.

Қызылша жедел басталады: дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтеріліп, жөтел, мұрыннан су ағу, конъюнктивит және айқын интоксикация белгілері байқалады. Аурудың патогномониялық белгісі — ұрттың шырышты қабатында пайда болатын Бельский–Филатов–Коплик дақтары. Бұдан кейін кезең-кезеңімен таралатын бөртпе пайда болады: алдымен бетте көрініс беріп, кейін дене бойымен төмен қарай жайылады. Арнайы вирусқа қарсы емдеу әдісі жоқ, сондықтан симптоматикалық терапия жүргізіледі. Асқынулар дамыған жағдайда науқасқа стационарлық көмек көрсетіледі.

Қызылшаның ең қауіпті тұсы — оның асқынулары. Ең жиі кездесетіндері — отит пен пневмония. Энцефалит 1000 науқастың 1–2-сінде дамып, өлім-жітім көрсеткіші 10–20%-ға дейін жетуі мүмкін. Аурудың ауыр түрлері, әсіресе, 5 жасқа дейінгі балаларда, иммун тапшылығы бар науқастарда, А дәрумені жетіспеушілігі кезінде және қатар жүретін созылмалы аурулары бар адамдарда жиі байқалады. Сирек болса да, миокардит, мишықтық атаксия және жеделдеу склероздаушы панэнцефалит (ЖСПЭ) сияқты ауыр салдарлар туындауы ықтимал.

Инфекциядан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы — вакцинация (ҚҚП — қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина). Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін екпемен қамту деңгейі кемінде 95% болуы тиіс. Инфекция ошағында науқастарды оқшаулау, байланыста болған адамдарды 21 күн бойы медициналық бақылауға алу, сондай-ақ қажет болған жағдайда алғашқы 5 күн ішінде иммуноглобулин енгізу шаралары жүргізіледі.

ЦСЭЭ зертханасында қызылшаны серологиялық диагностикалау ИФТ (ELISA) әдісі арқылы, IgM және IgG антиденелерін анықтау жолымен Elisys Uno автоматтандырылған анализаторында жүзеге асырылады. Бұл әдіс диагнозды дәл әрі уақтылы растауға мүмкіндік береді. Ерте диагностика мен вакцинация — ауыр асқынулардың және инфекцияның кең таралуының алдын алуда шешуші маңызға ие.